Қазақстан мен Өзбекстан арасында өңірлік байланыс арта түседі
Қазақстан мен Өзбекстан арасында өңірлік байланыс арта түседі. Өнеркәсіптік кооперация құрылып, алыс-беріс көбейеді.
Былтыр екі елдің өзара саудасы 5 млрд долларға жетті. Ал соның бір парасы өңірлер үлесінде. Қазір өзбек кәсіпкерлері өндірістік әлеуетті арттырып, қарапайым заттар шығаруға бейімделіп жатыр.
Өзбекстанның Бұхара уәлаяты мен Қазақстан өңірлері бауырластық байланыс орнатады. Мақсат – өнеркәсіптік кооперация құрып, өзара алыс-берісті арттыру. Қазір екі ел үкіметтік деңгейде бірқатар жобаны бірлесіп қолға алды. Келешекте облыстар арасын тікелей көлік дәлізімен жалғау да жоспарда. Дегенмен, бұхаралық кәсіпкерлер қазірдің өзінде жеңіл өнеркәсіп бұйымдарын Қазақстанға экспорттауға дайын. Мұнда джинсы жасалып, түрлі киім үлгілері тігіліп жатыр.
Әбдурахман Бозоров, мақта-тоқымашылық кластері басшысының орынбасары:
- Мақта-тоқымашылық кластері 2012 жылы құрылды. 8 мың гектар жерге ақ алтын егеміз. Ол цехта қайта өңделіп, иірімжіпке айналады. Мақтаның сапасы джинсы мата дайындауға жарамды. 1 жылда 12 млн метр өнім шығарамыз. Түркия, Ресей, Польша бізден мата сатып алады.
Өзара ынтымақтастықтың қос тарапқа да берері мол. Көршіміз әуелгіде ақ алтынды тек шикізат күйінде сыртқа жөнелтіп келсе, қазір түрлі бұйымдар жасайтын болған. Тәжірибеге қазақстандық фермерлер қызығушылық танытып отыр. Таяуда Түркістан облысының жеңіл өнеркәсіп өкілдері осы өңірге арнайы сапар жасап, өндірістің қыр-сырымен танысты.
Шермұхамед Ачилов, Иірілген жіп және мақта дайындау фабрикасының өкілі:
- Мұнда тігілген киім-кешектер Еуропа және ТМД елдеріне экспортталып жатыр. Бізде кең ауқымды мақта кластері құрылған. Жеңіл өнеркәсіп саласында ұлттық брэнд қалыптасатын күн алыс емес. Фабрика 2019 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Былтыр экспорттан 30 млн АҚШ доллары пайда түсті.
Жалпы қазақ пен өзбектің өзара тауар айналымы былтыр 5 млрд долларға жетті, соның ішінде Бұхара облысымен алыс-беріс 2 жарым есе ұлғайған. Екі ел көрсеткішті одан әрі арттыруға ниетті. Осы мақсатта кәсіпкерлердің сауда айналымын арттыруға бағытталған әлеуеті зерделеніп жатыр.
Авторы: Рауан Мыңбаев