Әлем елдерін топан су басты

АҚШ-тың Калифорния штатында дауыл күшейіп, өзен-көлдер арналарынан тасып жатыр. 15 млн-ға жуық адамға қауіп төніп тұр. Ал Бразилияда  тоқтаусыз жауған нөсер лай көшкінге ұласып, 2 млн тұрғын үй-жайсыз  қалуы мүмкін. Перуде де 7 провинцияда төтенше жағдай жарияланып, үйлер суға батты, деп хабарлайды «Хабар 24».

АҚШ-тың Калифорния штаты су астында қалды. Өңірде жауын-шашын толастар емес. Оған қоса алапат дауыл тұрып, өңірдің солтүстігіндегі жағдай қиындады. Салдарынан 2 адам көз жұмды. Топан су көшелерді басып, қатты ағынға төтеп бере алмай, дамыбалар жарылып жатыр. Қауіпті аймақтарда су тереңдігі 120 метрге жетті. Жергілікті билік мыңдаған тұрғынды эвакуациялады. 25 мың үй жарықсыз қалған. Қазір Сан-Франциско қаласынан оңтүстікке қарай жерде Санта-Круз және Монтерей өңірлеріне қауіп төніп тұр. Апат салдарынан күреске 4 мыңға жуық құтқарушы жұмылдырылған. Синоптиктер қазір циклон штаттың орталығына қарай бет алды дейді. Болжам бойынша, шамамен 15 млн адам тасқыннан зардап шегуі мүмкін. 

Джорбелит Ринкон, жергілікті тұрғын:

- Мұндай су тасқынын бұрын көрмегенмін. Бірақ ата-анам 1995 жылы осындай апатқа тап болған екен. Кей адамдар үйлерін тастап кетуден бас  тартып отыр. Үрей басым, не істейтінімізді білмейміз.

Шонна Мюррей, Монтерей округінің су ресурстар басқармасының өкілі:

- Қазіргі ахуал өте қауіпті. Пахара дамбылары жарылып, өзендер арналарынан тасып жатыр. Су ағынын тоқтату үшін қажетті шаралар қолға алынды. Мамандар апаттық жағдай аптаның соңына дейін жалғасуы мүмкін дейді.

Малави мен Мозамбикте алапат дауылдан көз жұмғандар саны 100-ден асты. Апат құрбандарының көбі Блантайр өңірінде. Қазір зардап шеккендерге көмек көрсетіліп жатыр. 40 шақты уақытша лагерь құрылған.  

Айта кетейік, бұл елдерде табиғат апаты демалыс күндері басталған. Болжамға сәйкес аптаның соңына қарай дауыл басылуы тиіс.

Ал мынау Бразилиядағы жағдай. Тоқтаусыз жауған нөсер соңы лай көшкіне ұласқан. Дронмен түсірілген кадрларда табиғат апатының ауқымын көруге болады. Елдің Манаус қаласында көшкіннен 10-ға жуық адам көз жұмған. Құрбан болғандардың көбі – бала. 2 млн тұрғыны бар қалада төтенше жағдай жарияланды. Қауіп төнген аудандарда құтқарушылар жұмысын жалғастыруыда. 

Единеуса Соарес, жергілікті тұрғын:

- Лай көшкіні басталғанға дейін біз қашып үлгердік. Бұл – сұмдық жағдай. Кей адамдар батпақ астында қалып қойды. Апат айтып келмейді. Бірақ ешқандай ескерту болған жоқ. Жазықсыз жандар опат болды. Өкінішті. 

Перуде де жағдай мәз емес. Елдің солтүстігінде «Яку» циклоны жүріп өтті. 7 провинцияда 400-ге жуық округте төтенше жағдай жарияланды. Апат салдарынан бірнеше адам опат болды. 10-ға жуығын құтқарушылар іздеп жатыр. Соңғы деректерге сүйенсек, өзен-көлдер арналарынан тасып, жолдар шайылып, қоғамдық көліктер тоқтап, мектептер жабылып қалған. Елде жауын-шашын келер айға дейін жалғасады, - дейді мамандар.