Ресей банктеріне кибершабуыл жасалды
Ресейдің бірнеше банкі өздерінің инфрақұрылымдарына кибершабуылдардың жиілегенін айтады.
Оған көрші елдің қаржы ұйымдары қалай тойтарыс беруде?
Ресейдің ең ірі банктерінің бірі бірнеше сағат бойы кибершабуылға тап болды. Қауіп сейілгенше жұмыс тоқтатылды. Ақша аудару үшін клиенттер банк бөлімшесіне келіп, қағаз құжаттарды толтырды.
Артем Избаенков, киберқауіпсіздік маманы:
- Келтірілген залалды тек шамамен бағалауға болады. Бұл кезде ешқандай төлем өте алмады. Банк беделін былай қйоғанда, қаржы жағынан да келген шығын көп. Мысалы, электрондық коммерциямен айналысатын компания жұмысының DDoS шабуылы кезінде бір минутқа тоқтап қалуы 1 миллион рубльге жуық табыс жоғалады деген сөз. Банкте де солай.
Сараптама орталығының мәліметі бойынша ресейлік банктерге DDoS шабуылдарының орташа ұзақтығы бір жылда алты есеге артып, 192 минутқа жеткен. Былтыр ең ұзақ кибершабуыл 87 сағатқа созылған.
Дана Нұржан, тілші:
- Мұндай кибершабуылдың нәтижесінде клиенттердің жеке деректері ұрланады. Хакерлер бұл ақпаратты желіде сатады немесе ақысыз да жариялайды. Мәселен, танымал тамақ жеткізу компаниясының деректерін ұрлау нәтижесінде киберқылмыскерлер миллиондаған ресейліктер туралы ақпаратты жинап, арнайы сайт ашты. Онда пайдаланушының мобильді нөмірі бойынша оның нақты мекен-жайын, ай сайынғы шығындары мен сатып алған тауарлары туралы ақпаратты, тіпті төлқұжат деректерін де табуға болады.
Владимир Ульянов, киберқауіпсіздік бойынша талдау орталығының басшысы:
- Бұл көптеген адамдарға әсер етті. Олар деректердің көпшілікке тарағанын ұнатпады, мысалы, осының салдарынан мекен жайын жасырған адамдар үйлерін ауыстыруға мәжбүр болды. Әрине, өтемақы алу үшін сотқа жүгінгендер де бар. Бірақ бұл іс бойынша шағымдарды сот қабылдаған жоқ.
Киберқауіпсіздікпен айналысатын орталықтардың мәлімдеуінше, қазір ірі компаниялар үшін басты қауіп ол жоғары кәсіби хакерлік топтар. Орта және төмен деңгейдегі шабуылдаушылардың әрекеттері негізінен банк клиенттеріне бағытталған. Мұндай хакерлер шоттардан ақшаны тікелей ұрлау үшін көбінесе әлеуметтік инженерияны пайдаланады. Өткен жылы алаяқтар банк клиенттерінен тікелей 14 миллиард рубль ұрлаған.
Дана Нұржан, Шахзод Гамиров