АҚШ Австралияға атом қайықтар беретін болды
Әлемдегі геосаяси ахуал ушығып барады.
Осыған байланысты АҚШ, Австралия мен Ұлыбритания басшылары үшжақты кездесу өткізді. Сан-Диего қаласындағы басқосуда әңгіме Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі қауіпсіздік төңірегінде өрбіді. Сөйтіп, алқалы жиын қорытындысы бойынша Австралияға әскери атомды сүңгуір қайықтар берілетін болды. Бұған Қытай тарапы қандай жауап қайтарды?
Кездесу қорытындысы бойынша АҚШ Австралияға 3 атомдық сүңгуір қайығын сататын болды. Бұл 2030 жылдан кейін іске асырылады. Одан бөлек тараптар сүңгуір қайықтардың ортақ өндірісі туралы келісті. Кездесуге қатысушылар мұның бәрі Азия-Тынық мұхиты аймағында Қытайдың белсенділігіне байланысты жасалып отырғанын айтты.
Джо Байден, АҚШ Президенті:
- Біздің ынтымақтымыздығымыздың арқасында Азия-Тынық мұхиты аймағы еркін әрі ашық өңір болып қала бермек. Бірден бір маңызды жайтты айта кетейін. Қайықтарда ядролық қару болмайды.
Десе де сүңгуір қайықтарда атомдық күштік қондырғылар болады. Соның арқасында су көліктері дыбыс шығармайды. Тиісінше оларды анықтау жағы қиындайды.
Риши Сунак, Ұлыбритания премьер-министрі:
- Кейінгі бір жарым жылда жаһандық қауіп-қатерлер күшейе түсті. Украинадағы жағдай, Қытай әскері белсенділігінің артуы, Иран мен Солтүстік Кореядағы тұрақсыздық - мұның бәрі әлемдегі ахуалды шиеленістіріп отыр.
Қытай жағы сүңгуір қайықтарға қатысты бастама жөнінде мәлімдеме жасады. Бейжің Австралия, АҚШ пен Ұлыбритания халықаралық қауымдастық талаптарын елемей отырғанын айтып, мұны ядролық қаруды заңсыз тарату деп бағалады.
Ван Вэньбинь, Қытай СІМ ресми өкілі:
- Атомдық сүңгуір қайықтар мен әскери технологиялар саласындағы серіктестік,,,кейбір елдердің "қырғи қабақ соғыс" әдетінен арыла алмауының салдары. Бұл аймақтық тұрақтылыққа тек кесірін тигізеді.
Осыдан кейін Австралия Қытайға ортақ баспасөз мәслхатын өткізуді ұсынды. Алайда екінші тарап әлі жауап қайтарған жоқ. Австралия билігі,,,кейінгі аптада Оңтүстік-Шығыс Азия және Тынық мұхиты елдерінің басшыларына жиі хабарласқанын айтады. Осылайша оларға соңғы келісім жайлы құлағдар етпек болған.
Ричард Марлес, Австралияның қорғаныс министрі:
- Біздің көрші елдерден, жалпы бүкіл әлемнен жасыратын түгіміз жоқ. Не істеп жатқанымызды және оны не үшін жасағанымызды білсін дейміз. Бізді аймақта Қытайдың әскери күш-қуатының артуы алаңдатып отыр. Сол себепті де осындай қадамға бардық.
Жалпы кейінгі 70 жылда алғаш рет АҚШ өзінің ядролық қозғалтқыштар технологиясымен өзгелермен бөліскелі отыр. Соңғы рет мұндай келісім 50-жылдары Ұлыбританиямен жасалған еді.
Жұлдыз Атагельдиева, Даурен Исагулов