Түркияда жер сілкінісі толастамай тұр
Күні кеше апатты аймақта орнасқан Кахраманмарашта 4,7 және 4,9 баллдық екі жер сілкінісі тіркелді.
Бұл туралы елдің апат және төтенше жағдайлар басқармасы мәлімдеді. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ.
Қос зілзала мен одан кейін жалғасқан 15 мыңға жуық жер дүмпуі шалғай аудандарда орналасқан елді мекендерге де әсер етті. Баспанасыз қалған халық осындай шатырларда өмір сүруге мәжбүр.
Мехмет Доғру, ауыл әкімі:
- Елді мекенімізде 370 үйден құралған. Шамамен 2 мыңға жуық тұрғынымыз бар. Зілзаладан 150-ден астам ғимаратымыз жермен жексен болды. 11 кісі қаза тапты. Қазіргі таңда, ауыл тұрғындарының 95% шатырларда өмір сүріп жатыр. Мұндағы жұрт, мал және егін шаруашылығымен айналысатын. Өкінішке орай, апатта ірілі ұсақты малымыз да қырылып қалды.
Қаладан қашып, ауылға бас сауғалағандар көп. Осы себепті, кейбір елді мекендердегі тұрғын саны еселеп артқан. Айтуларынша, қалаға қарағанда- ауыл қауіпсіз.
Мехмет Атеш, Хатай қаласының тұрғыны:
- Антакиядағы үйіміз жер сілкінісінен кейін жарамсыз болып қалды. Бірінші түнді көлікте өткіздік. Екінші күні ауылдағы үйімізге келдік. Әшейінде, бір сағатта келетін жолға бірнеше сағат бойы жүріп өттік. Мұнда да жағдай көңіл көншітерлік емес. Көп ғимарат қираған. Үйіміз бұзылмаған. Бірақ, үздіксіз жер дүмпулерінің жалғасуы үрейлендіріп отыр. Осы себепті, үйдің қасына шатыр құрып, сонда түнеп жүрміз. Алғашқы күндерде, жарық пен жылуымыз болмады. 2-3 күннен кейін қосылды.
Билік пен жергілікті әкімшілікпен қатар еріктілер де шалғай ауылдағы тұрғындарға қол қабыс көрсетіп отыр. Абдуллах Ярар, 50 жыл бұрын Германияға қоныс аударған. Туған жердегі апаттан кейін қол қусырып отыра алмай, неміс жерінде жәрдем науқанын бастапты. Азық- түлік, жылы киіммен қатар жарық генераторларын өзімен алып келіп, ауылдпғы ағайынға көмектесіп жүр.
Абдуллах Ярар, Германия азаматы:
- Зілзаладан кейін 3 күн бойы жақындарымыздан хабар ала алмадық. Дереу, көмек науқанын бастадық. Сондағы жақын, дос, туыстарымыздан, тіпті танымайтын жандар барынша қол ұшын созды. 12 жүк көлігімен жәрдем заттарын алып келдік. Тағы да жинап жатырмыз. Келесі жетіде неміс досым бастап келеді. Шатыр, техника, киім-кешек, азық-түлік жеткіздік.
Түркияда қос жер сілкінісі 11 провинциядағы 14 миллионға жуық тұрғынның тұрмысына тікелей әсер етті. 48 мыңнан астам тұрғын қаза тауып, 230 мың ғимарат қираған.
Фуат Октай, Түркия вице-президенті:
- Зиянды бағалау аясында 1 миллион 805 мың 842 ғимаратқа сараптама жүргізілді. Бұл 5 миллион 242 мың пәтер деген сөз. 653 мың үй ауыр, шұғыл, бұзылған және орташа зақымданған. Үйінділердің 20% тазаланды. Бір жақтан қирандыларды тазартумен екінші жақтан құрылыс жұмыстарымен айналысып жатырмыз.
Ауыл және орман шаруашылығы министрінің мәліметінше, жер сілкінісінің экономикалық шығыны 80 миллиард доллардан асты. Апаттық аймақ пен тұрғындардың тұрмысын қалпына келтіру үшін мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар жұмыла әрекет етуде. Дегенмен, ел халқының 14% өмір сүретін аймақтарды қалыпқа келтіру оңайға соқпайтыны анық.