БҰҰ: 2 млрд адам ауызсуға мұқтаж
Әлемде 2 млрд-тан астам адам таза ауызсуға жарымай отыр. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы өкілі мәлімдеді.
Ауызсу ХХІ ғасырдың ең басты мәселесіне айналып келеді,- дейді сарапшылар. Біріккен Ұлттар Ұйымы наурыздың 22-сі мен 24-і аралығында Нью-Йоркте ғаламдық Су конференциясын өткізуді жоспарлап отыр.
Хенк Овинк, Нидерландтың суға жауапты арнайы өкілі:
- Су конференциясында мемлекеттік және жекеменшік секторлар суға қатысты өзекті мәселелерді талқылайды. Бұл – ғаламдық өзгерістің басы. Су тапшылығы қазірдің өзінде, әсіресе Африка елдері үшін үлкен мәселеге айналып отыр. Мұны тіпті адам құқығын шектеу деп қарастыруға болады.
Лотта Тахтинен, БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік істер жөніндегі өкілі:
- Біз 2030 жылға қарай үлкен өзгеріс жасауымыз керек. Су үшін күрес азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ауызсуды мектептегі балалар үшін қолжетімді ету – денсаулық кепілі. Әрекет ететін кез жетті.