Ұлыбританияда мұғалімдер наразылық танытып жатыр

Англияда 23 мыңнан астам мектеп жұмысын тоқтатып, оқушылар сабақтан қалды. Өйткені ұстаздар қауымы наразылық танытып, ереуілге шығып жатыр. Талаптары – жалақыларын көтеріп, еңбек шарттарын қайта қарау. Мұғалімдерден бөлек, мемлекеттік қызметкерлер, дәрігерлер, университет оқытушылары мен  метро қызметкерлері де көшеге шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Ұлттық білім одағы кәсіподақ ұйымына мүше мұғалімдердің бұған дейін де бас көтергені белгілі. Педагогтар жалақыны инфляцияға сәйкес көбейтуді және еңбек жағдайларын жақсартуды сұраған болатын. Бірақ биліктегілер оларға құлақ аспады. Қаржылық зерттеулер институтының мәліметінше, ұстаздардың табысы соңғы 12 жыл ішінде орта есеппен 11%-ке азайған.

- Білім сапасы қатты әлсіреп жатыр. Бұлай жалғаса бермеуі керек. Үкімет бұл салаға инвестиция құйсын.

- Біз ата-аналар тарапынан да зор қолдауға иеміз. Олар балалар болашағы үшін күресіп жатқанымызды жақсы түсінеді. 

Педагогтар күнкөріс деңгейінің күрт төмендеп кеткенін айтады. Елде жарық пен газ қымбат, ипотекалық несиелердің проценттік мөлшерлемелері өскен. Жалдамалы пәтерлердің ақысы аспандап тұр. Кедейшілік бір қадам жақын қалған мұғалімдер бұған шыдамай, жаппай жұмыстан кетіп жатыр. Ұстаздардың жетіспеушілігі білім сапасына әсер етті.

Кевин Кортни, Ұлттық білім одағы кәсіподақ ұйымының бас хатшысы:

- Біз үкіметтің мектептер мен колледжерге және сонда жұмыс істейтін қызметкерлерге инвестиция құюын талап етеміз. Біздің балаларымыз және оларды оқытып жатқан адамдар бар жақсыға лайық. Біздің мектептер барынша қаржыландыруды қажет етеді. Үкімет бізге құлақ асуы керек.

Кәсіподақ ұйымындағылар лайықты жалақы берілмейінше наразылық шараларын тоқтатпаймыз деп отыр. Билік болса айлық мәселесін тек келіссөздер арқылы шешуге болатынын айтады. Білім министрі ереуілдерді доғарып, ортақ мәмілеге келуге шақырды.

Джиллиан Киган, Ұлыбритания Білім министрі:

- Біз алдымен инфляцияны екі есеге дейін азайтуымыз керек. Бұл өте маңызды мәселе. Сол кезде ғана елдегі барлық адам оның пайдасын көреді. Егер біз жалақыны көтеретін болсақ, қымбатшылық деңгейі одан сайын арта түседі.

Бұдан бөлек, бүгін 130 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер, кіші санаттағы дәрігерлер және университет оқытушылары бас көтерді. Метро электрпойызының жүргізушілері де жалақыларын өсіруді талап етіп, көшеге шықты. 24 сағат бойы жерасты көлік қатынасы жұмыс істемей, жолаушылар діттеген жерлеріне жете алмай әлек.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.