«Алматы-Самарқанд» әуе рейсі қайтадан іске қосылады
Наурыздың 18-інен бастап «Алматы-Самарқанд» әуе рейсі қайта іске қосылады.
Бұл бағыттағы тасымал пандемия кезінде тоқтап қалған еді. Одан бөлек, сәуір және мамыр айларына қарай Астанадан Ташкентке аптасына 5 рейстен орындалады. Алматыдан да бағыт алатын ұшақтар саны артады. Дегенмен, екі ел арасындағы кеден бекеттерінің мәселесі қиын боп тұр.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Өзбекстанның әуе кеңістігі шетелдік компаниялар үшін әлі де жабық. Аспанда тек отандық тасымалдаушылар еркін қалықтай алады. Алайда осы айдан бастап қатаң талап қазақстандық ұжымдарға қолданылмайды. Еліміздің екі әуе компаниясы Ташкент, Самарқанд, Бұхара, Нүкіс және Үргеніш сынды қалаларға аптасына 36 рейс орындайтын болады.
Бүкіләлемдік пандемия кезінде шектелген әуе рейстері биылғы наурыз мейрамы қарсаңында қайта жанданады. Алматы мен Самарқанд арасында жолаушы тасымалы артады. Алғашқы рейсті қазақстандық компания 18 наурызда орындауды жоспарлап отыр. Елімізден Ташкент, Нөкіс және Үргенішке бағыт алатын ұшақтар да көбейеді.
Евгений Крутов, қазақстандық әуе компаниясы өкілдігінің басшысы:
- Еліміздің азаматтық авиация комитеті нәтижелі келіссөз жүргізді. Көптеген уағдаластықтарға қол жетті. Жаңа бағыттар ашылатын болды. Келешекте бұл мүмкіндікті барынша орындап, екі елдің жолаушыларына сапалы қызмет көрсететін боламыз.
Есесіне Өзбекстан әуе компаниялары да еліміздің ірі қалаларына аптасына бірнеше рейстен орындайды. Түркістан, Алматы және Астана бағыттары ашық. Тізімге тек Атырау енбеген. Себебі мұнайлы астанаға жолаушы тасымалдау міндеті тек отандық компанияларға беріледі. Екі елдің өзара еуе қатынасына қазір сұраныс көп. Қазақстан арқылы транзитпен басқа аймаққа ұшатын жолаушылар да бар.
Алмаз Алтай, қазақстандық әуе компаниясы өкілдігінің маркетинг менеджері:
- Қазір 7 рейс орындап жатырмыз. Көктемгі және жазғы ұшу кестесіне бастап Ташкентке 19 рейске дейін ұщатын боламыз. Оның ішінде Алматыдан аптасына 14 және Астанадан 5 жиілікпен ұшатын боламыз.
Арада әуе жолдарымен қатынас реттелді. Енді тек жердегі кеден бекеттерінің мәселесін шешу қажет. Қазақ-өзбек шекарасындағы үш бақылау пункті уақытша негізде жабық тұр. Жөндеу жұмыстары басталған. Сондықтан бар ауыртпалық Жібек жолы бекетіне түсіп отыр. Ондағы жеке автокөліктердің кептелісі түнде де толастамайды.
Рауан Мыңбаев