Вашингтонда жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмектесу үшін қайырымдылық кеші өтті
Вашингтонда Түркия мен Сирияда болған жойқын жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмектесу үшін қайырымдылық кеші өтті. Оны Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігі ұйымдастырды. Басты мақсат – тек ақша жинау емес, табиғи апаттың салдарымен күресуге қоғам назарын аудару. Қиындықты бірге еңсеруге үндеу, деп хабарлайды «Хабар 24».
Дипломатиялық байланыс қызметкері Рода Септелиси осы кешті ұйымдастыруға сеп болған. Ол зілзаладан зардап шеккендер туралы ақпаратты көрген сайын, жүрегі ауырып, жаны қиналғанын айтады. Қол қусырып отыр алмайды. Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінен кейін қатты қиналған халыққа жәрдемдескісі келеді.
Рода Септелиси, қайырымдылық кешін ұйымдастырушы:
- Жер сілкінісінен зардап шегіп жатқандарға қалай көмектесе аламын деп ойланған кезде бірден Қазақстан елшісі есіме түсті. Осындай уақытта мен ұлы даланың азаматтарына хабарласпағанда кімге барамын?! Оларға ойымды айтып, көмек ретінде бір шара ұйымдастыруды ұсындым. Бірден келісті.
Осылайша, зілзаладан зардап шеккен халыққа көмектесу үшін қайырымдылық кешін өткізуді ұйғарады. Вашингтондағы шараға Түркия мен Сирияның АҚШ-тағы Елшілері арнайы келіп қатысты. Олар осынау қиын қыстау сәтте де, одан кейін де қол ұшын созған белсенді азаматтарға ерекше алғыс айтты.
Мурат Мерджан, Түркияның АҚШ Төтенше және өкілетті елшісі:
- Осы шараны ұйымдастырған Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігіне алғысымды білдіремін. Түркиядағы табиғи апаттан кейін алғашқылардың бірі болып бізге көмек көрсеткен, қазір де жәрдемін аямай келе жатқан Қазақстан азаматтарына рахмет айтамын.
Мурат Мерджан осы сәтте Қазақстан Президенті Түркияда жүргенін айтып, бауырлас 2 елдің бір-біріне деген ыстық ілтипаты көпке үлгі екенін жеткізді. Қайырымдылық кешіне Вашигондағы қоғам қайраткерлері, зиялы қауым және іскер топ өкілдері қатысты.
Жалпы, зілзала зардабын жойуға көмек болсын деген ниетпен 70-тен астам қонақ қайырымдылық танытқан. Жиналған қаражат осыған дейін гуманитарлық көмек көрсеткені үшін Нобель сыйлығын алған «Doctors without borders» ұйымына аударылады. Одан әрі табиғи апаттан зардап шеккен елдердегі халыққа жіберілмек.
Авторы: Нұрбек Бекен.