Өзбекстандағы қазақтар Наурыз мерекесін тойлауды бастап кетті

Өзбекстанның батысын мекендеген Науаи қазақтары әз-Наурызды тойлауды бастап кетті.

Тамды ауданының жастары дәстүрлі өнер бәйгесінде сынға түсті. Әдетте бұл өңірдің қысы қатты болады. Соған қарамастан, халықта, мерекелік көңіл күй орнаған.

Науаидің Тамды, Кенимех, Үшқұдық аудандарын ежелден қазақ мекендейді. Мұндағы қандастар салт-дәстүрін саф алтындай сақтап келеді. Тамдыда туған таланттар байқауы жыл сайын әз-Наурызда ұйымдастырылады. Биыл да үрдіс үзілген жоқ. Ауданда жалпы саны 17 қазақ мектебі болса, соның 15-і шығармашылық сайысқа өнерлі өрендерін қосты. 

Байқау 6 кезеңнен тұрды. Қатысушылардың бір тобы жыр-терме айтып жарысса, енді бірі күмбірлете күй төкті. Әнші, бишілер да өзіндік өнерімен танылды. Бұл тек мектеп жасындағы балалар. Қызылқұмда өмір сүретін қазақтың басым бөлігі домбыра шертіп, ән айтады, көргені мен білгенін шеберлікпен өлең жолдарына түсіреді.

Мэлс Базарбаев, Тамды ауданы халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі:

- Бұл мереке дәстүрге айналған. Қосымша қаулу негізінде дарынды балаларды қолдау, анықтау мақсатында қолға алынып отыр. Барлық мектепте оқушылар домбыраға, әнге, биге, ұлттық өнерге қабілетті арттыруда. Бойына сіңіру үшін үлкен шара жыл сайын атап өтіледі.

Аудан ұстаздары «бұлақ көрсең, көзін аш» ұстанымына берік. Өскелең ұрпақ бойындағы қарым-қабілетті әркез дамытуға дайын. Есесіне оқушылар кемінде бір музыкалық аспапты меңгеріп шығады. Байқау нәтижесінде Тамдыдағы 12-қазақ мектебі жеңіске жетті. Жас таланттар шығармашылық жолға жаңа шабыт, тың леппен бет бұрды.

Сұңғат Жұмаханов, мұғалім:

- 50 жылдық тарихы бар ән-күй байқауына қатысып отырмыз 12-ші мектеп. Дәстүрімізді кейінгі ұрпаққа қалдыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Осындай жарыстарда мектептерге осы жеңіпаз болу сезімін нәсіп етсін. Біз осы сәтті барлығына тілейміз. Алдағы Наурыз мейрамымен Өзбекстан және Қазақ халқын құттықтаймыз.

Өзбекстанда орта білім 7 тілде жүргізіледі. Қазақ мектебін бітіргендер мемлекеттік сынақты ана тілінде тапсырып, қалаған университетін таңдай алады. Тарихи Отанында оқу мүмкіндігі де бар. Айта кетейік, Тауелібай бұл Тамдының бұрынғы атауы. Жергілікті халықтың бай-қуатты тұрмысына сай қойылған. «Ежелден бұл жер жұт көрмеген», дейді көпшілік. Қазір де тауелібайлықтардың түтіні түзу. Қытымыр қыстан мал-жан аман, төрт көз түгел шығып отыр. Жалпы ауданда ұсақ малдың саны 340 мыңнан асады. Ірі қара, түйе және жылқы шаруашылықтары да жұмыс істейді. 

Рауан Мыңбаев