Аргентина шаруалары шығынға батты

Аргентина шаруалары шығынға батты

Қуаңшылық салдарынан Аргентина шаруалары шығынға батып жатыр.

Елде ауыл шаруашылығы саласы құлдырады. Мамандар биыл астық түсімі аз болады деп қазірден дабыл қағып отыр. Бұршақ тұқымдас өсімдіктер өнімі де көп емес. Мәселен, сояның көлемі биыл 27 млн тоннаға дейін төмендеген.

Хорхо Бьянчитто, ферма басшысы:

- Қуаңшылық ауыл шаруашылығын тығырыққа тіреді. Табысымыз 2-3 есе азайды. Биыл табыс тұрмақ, шығын көлемін өтей алмайтын сияқтымыз. Шыны керек, қазір мұндай шаруашылықты қамтамасыз ету қымбат, қарызға батып жатырмын.  

Освалдо Бо, фермер:

- Биыл жүгері өнімінің көлемі кемі 53 млн тоннаға жету керек еді, сенесіздер ме, 34 млнға да жетпей тұр. Соя да дәл солай, 40-45 пайызға аз. Сарапшылар экспортталатын өнім тапшы, үкімет 25 млдр доллар шығынға батуы мүмкін дейді.

Аргентинада сауда айналымының ең маңызды бөлігі астық шаруашылығына тиесілі, сондықтан сала шығынға батқан жағдайда мұның тұтас экономикаға зияны зор болмақ. Климаттың өзгеруі жаһан жұртына ауыр тиіп отыр. Аргентинада үш жыл қатарынан аптап ыстық салдарынан қуаңшылық белең алды.