Украинаны қымбатшылық алқымдап тұр
Украинада әлеуметтік маңызы бар тауарлар қымбаттап кетті.
Кейінгі үш айда кей тағамның бағасы үш есеге дейін өскен.
Бұған Қаржы министрлігінің порталында жарияланған мониторинг деректері дәлел. Елде әсіресе ет, май, сүт өнімдері және сәбіз бен картоптың құны артқан.
Құс еті, балық, сүт, нан өнімдері қатты жылдамдықпен шарықтап, ырыққа көнбей тұр. Киев қалысының тұрғыны Екатерина Молченко әсіресе күнделікті тұтынатын жеміс түрлерінің құны жылдам өсуде,- дегенді айтады. Кәдімгі бір кг сарымсақтың құны 30 гривеннен 70-ке көтерілген.
Екатерина Молченко, Киев тұрғыны:
- Осыдан бір ай бұрын жоқ дегенде 300 гривеньге азық-түлік сатып алушы едік, қазір ондай баға жоқ. Дүкенге баруың 600 гривеньге жеткен. Экзотикалық тауар емес, өзіміз өндірген жемістердің шарықтап жатқаны қалтаны қағып бітті.
Ішкі нарықтағы азық- түліктің еселеп шарықтауын мамандар биылғы егіс алқабының қысқаруымен байланыстырады. Жалпыукраиналық аграрлық кеңес төрағасы мәлім еткендей, биыл Украинадағы егіс алқаптарының аумағы 25 процентке қысқарды. Бұл дегеніміз 7 миллион гектарға жуық жер астық өсіруге жарамай қалған. Диқандардың егін егуге жеткілікті қаражаты жоқ, сондықтан 5 миллион гектар жер биыл бос қалуы мүмкін. Әрине мұндай фактор елдегі азық-түлік бағасына тікелей әсер етті.
Катерина Котенкова, журналист:
- Өткен жылмен салыстырғанда азық-түлік бағасы үш есе артты. Баға бұдан былай да өсе беретін болады. Жақын арада нан бағасы да, жеміс-жидектердің де қымбаттауы мүмкін. Биыл Украинада егістік алқаптары қысқарады және сонымен бірге бидайдың жалпы өнімі өткен жылдармен салыстырғанда аз жиналды. Шикізат базасының аздығы ұн өнімдерін өндіруді қысқартуға әкеледі, салдарынан бағаны бір орында ұстап тұру мүмкін емес.
Билік халықаралық донор мемлекеттерден Украинаның бюджет тапшылығын жабу үшін шамамен 55 млрд АҚШ доллары қажет екенін айтып, көмек сұрады.
Аида Қыдырбай