Словакияда Наурыз мейрамы аталып өтті
Еуропада Наурызды тойлау жалғасып жатыр. Словакия астанасы Братислава орталығында киіз үйлер тігілді. Шаһар тұрғындары мен қонақтары қазақтың салт-дәстүрімен жақын танысты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Братислава тұрғындары үшін бұл күтпеген сыйлық болды. Қаланың тарихи орталығында Құрманғазы күйлері күмбірлеп, халық әндері шырқалды. Домбыраның қоңыр үні мен жетіген, шертердің сазды дауысы бойды шымырлатып алаңға жиналған жұртты баурап алды. Шаһар халқы мұндай салтанатты бұрын-соңды көрмеген. «Арнау» фольклорлық ансамблінің Наурызға арналған концерті көптің көңілінен шықты.
Петер Юза, Словакияның Қазақстандағы бұрынғы елшісі:
- Словакияда Наурыз мейрамы алғаш рет тойланып отыр. Шара шаһардың басты алаңында ұйымдастырылып жатыр. Мен бүкіл қазақстандықтарға бақыт, денсаулық тілеймін. Адамдар киіз үйді көріп, Қазақстанды жақын танып біліп жатыр. Бұл өте маңызды.
Төлежан Барлыбаев, Қазақстанның Словакиядағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Біз Наурызды Братиславаның тарихи орталығында атап өтіп жатырмыз. Бұл алаңның мыңжылдық тарихы бар. Бұл жерде орта ғасырда патшаларды таққа отырғызу рәсімдері болған. Еліміздің мәдениетін, шығармашылығын таныстыру екі халықты жақындастыра түсетініне сенімдімін.
Салтантты шараны көруге қала тұрғындарымен бірге саясаткерлер, дипломаттар, осы елдегі қазақстандық студенттер жиналды. Қонақтар арасында Димаштың жанкүйерлері да бар.
Ружена Майорова, Димаш жанкүйерлері клубының мүшесі:
- Менің атым – Ружена Майорова. Қазақша – Раушан. Мен – Димаш Құдайбергеннің өнерінің жанкүйерімін. Мен достарыммен Алматыда болдым. Қазақстанды, қазақтарды және Димашты жақсы көремін. Қазақ тілін өз бетіммен үйреніп жүргеніме бір жылдай болды.
Саланатты кеште Қазақстанның көркем жерлері жайында фотокөрме ұйымдастырылды. Қонақтар қазақтың ұлттық киімдерін киіп, бауырсақтың дәмін татты. Ал киіз үй жанында суретке түсушілер қарасы тіпті мол болды.
Курт, Германиялық саяхатшы:
- Қазақстан біз үшін әлі беймәлім ел. Бірақ мынадай шарадан қазақ елі жайлы көп мағлұмат алдым. Бұған дейін байтақ далада атқа мінген шабандоздар мен киіз үйлерді тек теледидардан көрген едім. Қазір ішіне кіріп көріп тұрмын. Сіздің еліңізге саяхаттауға деген құштарлығым артты.
Көшпенділердің салт-дәстүрін Братислава өнер мектебінің кішкенетай тәрбиеленушілері де келіп көрді. Жас шеберлер алаңға жиналып киіз үйді салды. Ең үздік туындылар «Қазақстан словактар көзқарасымен» атты көрмеге қойылады.
Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский.