Израильде тарихындағы ең ірі ереуіл өтті

Оған түрлі мәлімет бойынша, 600 мың адам қатысқан.

Наразылық акциясы жалғасып жатыр. Дәрігерлер, мұғалімдер мен әуежай қызметкерлері жұмысты ысырып қойып, көшеге шыққан. Оларға студенттер де қосылды. Қазір жоғары оқу орындарының біразы жұмыс істемей тұр. «Бен-Гурион» әуежайында барлық рейс тоқтатылды. Наразы топ Тель-Авивтегі ең негізгі жолдардың бірін жауып тастаған. Шеру соңы полицейлермен қақтығысқа ұласты. Ашынған жұртты тарату үшін күштік құрылым өкілдері суатқыштарды қолданған.

- Біз өз борышымызды өтеу үшін әскерде жылдап қызмет етеміз. Не үшін? Демократия болмаса, оның не керегі бар?

- Осылай көшеге шығып, жаппай ереуіл ұйымдастырудан басқа амал қалмады. Премьер-министрге деген сенім жоқ енді бізде.

Жұрттың жаппай наразылығына биліктің ұсынған сот реформасы түрткі болды. Ол Жоғарғы соттың өкілеттігін шектеуге бағытталған. Қазір бұл инстанция заң шығарушы және атқарушы органдарының шешіміне әсер ете алады. Парламенттің заңдарын кері қайтаруға қауқарлы. Алайда Премьер-министр сот реформасын жүргізуге ниетті. Сонда басқарушы партия еш кедергісіз кез келген заңды қабылдай алады. Қарсы тарап бұл демократияға қайшы келеді дейді. Бірақ премьер-министрдің бұған айтар өз уәжі бар.   

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Бұл, керісінше, демократияны нығайтуға бағытталған реформа. Өйткені ол биліктің барлық тармақтарының өкілеттігін теңестіруді көздейді. Біз өз елімізді сыртқы қауіп-қатер мен ішкі араздықтан сақтап қалуымыз керек.

Ереуілдердің басылмай тұрғанына 2-3 ай боп қалды. Бірақ мынадай ірі толқу кеше басталды. Оған Қорғаныс министрінің отставкаға кетуі себеп. Иоав Галант реформаны қабылдау процесін бірнеше айға тоқтатуға шақырды. Елдің қауіпсіздігіне қатер төніп тұр деп алдын ала ескертті.

Йоав Галант, Израильдің бұрынғы Қорғаныс министрі:

- Елде болып жатқан жағдай қарулы күштерге де әсер етті. Әскер мен қауіпсізік күштерінде реформаға қарсылық танытып жатқандар қатары артты. Сондықтан бұл біздің қауіпсіздігімізге қатер төндіруі мүмкін. Мен оған жол бере алмаймын.

Қорғаныс министрінің бұл ұсынысын оппозиция жетекшісі, тіпті елдің бұрынғы үкімет басшысы да қолдаған. Алайда жауап ретінде Биньямин Нетаньяху министрді қызметінен кетірді. Премьер ведомство басшысы үкіметтің ту сыртынан әрекет еткенін айтып, сенім үдесінен шыға алмады деді.

Наразы топты Израиль президенті де қолдап отыр. Ол Твиттердегі парақшасында үкіметтен даулы реформаны кері қайтаруын сұраған. Елдегі ахуал халықаралық қауымдастықты да алаңдатып отыр. АҚШ президентінің әкімшілігі тараптарды бір мәмілеге келуге шақырды. Елдегі жағдай туризм саласына зардабын тигізді. Өйткені Израильге саяхаттамақ болған шетелдіктер ойынан айнып, жолдамаларын кері қайтарып жатыр.