Израильдегі атышулы реформа сәуірде қайта талқыға түседі
Израиль премьер-министрі атышулы сот жүйесінің реформасын тоқтатуға мәжбүр болды.
Үкімет сот жүйесіне парламент бақылауын күшейтуді жоспарлаған еді, бірақ қара нөпір халық жаппай көшеге шығып, полициямен қақтығысып, соңы үлкен текетіреске ұласты.
Премьер-министрге алғаш партияласы қарсы шықты. Қорғаныс министрі Йоав Галант үкімет басшысынан сот реформасын тоқтатуды талап етті. Мұны ұнатпаған Биньямин Нетаньяху Галантты қызметтен қуды. Есесіне наразы халық көшеге шықты.
Оппозиция да билеуші партияның өкілі - бұрынғы Қорғаныс министрін қолдады.
Яир Лапид, оппозицияның парламенттегі басшысы:
- Мен Нетаньяхудан Галантты қызметінен алу туралы шешімін шұғыл кері қайтаруды талап еттім. Біз құрдымға кеткелі тұрмыз - экономикамыз тығырыққа тірелді, халықаралық қарым-қатынасқа сызат түсті. Осыдай қысылтаяң кезде Қорғаныс министрін қудалау ақылға қонымсыз әрекет.
Даудың басы - Үкімет ұсынған заң жобасында. Жаңа құжат бойынша Жоғарғы сот Парламент қабылдаған заңдарды тиісті деңгейде бақылай алмайды. Израильде атқарушы және заң шығарушы биліктің ым-жымы бір. Билік басындағы коалиция бір мезетте үкіметті жасақтап, Кнесетте көпшілік орынға ие бола алады. Сонда тек сот жүйесі ғана биліктің тәуелсіз тармағы болатын. Коалиция сотқа көп тәуелсіздік берілген деп санайды.
Симха Ротман, Кнессеттегі заң шығару комиссиясының төрағасы:
- Заң қабылдауды тоқтатуты талап ететін адамдар бар. Мұның себебі кейбір топтар Израильдегі сайлаудың нәтижесін қабылдағысы келмейді. Бұл демократияның жолы емес, ешбір демократиялық елде мұндайға жол берілмеуге тиіс. Бей-берекет шерулер ұйымдастыру, әскерді әрекетсіз қалдыру мемлекетке қауіп төндіреді.
27 наурызда халық жаппай шеруге шықты. "Бен-Гурион" халықаралық әуежайы рейстерін тоқтатты, сауда орталықтары жабылды. Дәрігерлер, тіпті мемлекеттік қызметшілер де бас көтерді. Осы кезде сыртқы арандатушылар бар дегенді желеу етіп үйренген үкімет ішкі қарсылықтың өте күшті екенін түсінді. Ақыры Нетаньяхудың даулы реформаны тоқтатудан басқа амалы қалмады.
Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:
- Біз сот жүйесіне түзетулер енгізуді қажет деп санаймыз және талап етеміз. Бірақ бұл мәселелерді қоғамның кең талқылауына саламыз. Онсыз болмайды. Сондықтан заң жобасының екінші және үшінші оқылымдарын өткізуден әзірге бас тартамын. Азаматтық қоғамның үніне құлақ асамыз.
Сөйтіп, реформаны қабылдау кейінге шегерілді. Нетаньяху ұсынған өзгерістер сәуірде өтетін парламенттің жаңа сессиясында қызу талқыға салынады. Бұл елдегі саяси дағдарысты ушықтыра түсті. Өйткені қазір билікте ешбір күш басымдыққа ие емес. Сондықтан қандай да бір ымыраға келу енді қиын болады дейді сарапшылар.
Сергей Ауслендер