Таиландта акулалар азайып бара жатыр

Таиландтағы әйгілі Майя-Бэй шығанағына туристер қайта келе бастады. Бірақ жергілікті табиғат қорғаушылары бұған қуанып отырған жоқ. Туристердің кесірінен мұнда мекендейтін қара қауырсынды акулалардың саны азая бастаған, - дейді олар. Дегенмен жергілікті билік өкілдері туризмнен түсетін табыстан айырылғысы келмейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Таиландтағы ең көрікті жерлердің бірі – Пхи-Пхи аралында орналасқан Майя Бэй шығанағы. Суы мөлдір, жағалауындағы құмы аппақ, айналасын ну орман қоршаған жартастары да бар. 2000 жылы Леонардо ди Каприо басты кейіпкер ролін сомдаған «Жағажай» фильмі жарық көргеннен кейін бұл жерде туристер қаптап кетті. Мұнан соң коралл рифтері бұзылып, шығанақта мекендеген қара қауырсынды акулалар саны күрт азайып кетті. Ал оның жергілікті экологиялық жүйе үшін маңызы зор.

Метави Чуангчароенди, Maya Bay Shark Watch жобасының жетекшісі:

- Қара қауырсын акуласы экожүйе үшін маңызды, өйткені ол коралл рифтерінің тірлігін тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі. Осы өңірдегі басты жыртқыш болғандықтан, ауру жануарларды қырып, популяцияны сау қалпында ұстап тұрады.

Акулалар кішкентай кезінде өзгелерге жем болмас үшін, терең суға шықпай, рифтердің арасында жасырынуға мәжбүр. Ал адам көбейіп кеткеннен кейін олардың саны азая бастады. Ақыры 2018 жылы билік Майя Бэй шығанағын туристер үшін жабуды шешті. Кейін пандемия басталып, 2022 жылға дейін мұнда бөтен ешкім келген жоқ. Осының арқасында коралл рифтері қалпына келіп, акулалар да көбейді. Алайда індет кезінде экономикасы зор шығынға ұшыраған Таиланд билігі Майя Бэйді туристер үшін қайта ашты.

Метави Чуангчароенди, Maya Bay Shark Watch жобасының жетекшісі:

- 2021 жылдың қараша айында зерттеу өткізіп, бір күн ішінде 161 акуланы санадық. Ал бір жылдан кейін осы әдіспен есептегенде, күніне қырықтан артық көре алмадық. Осылай саны азайғанын байқадық.

Жергілікті билік табыстан да айырылмай, қоршаған ортаға зиян да келтірмеудің жолын іздеп жатыр. Акулалар төлін мазаламау үшін суға шомылуға тыйым салды. Сондай-ақ коралл рифтерін бүлдірмеу үшін, туристерді әкелетін қайықтар шығанақтың арғы жағында аялдауы тиіс. Сол жерден шығанаққа сағатына тек 375 адамды жіберіп тұрады.