Оңтүстік Кореяда экологиялық таза қала дамып жатыр

Сунчон – Оңтүстік Кореядағы ең таза қаланың бірі. Шаһар билігі бұндай көрсеткішке жету үшін ауқымды шараларды қолға алған. Мұнымен тоқтамай, қаланы әлемдегі ең таза аймаққа айналдыруға ниетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Владислав Цой, тілші:

- Халықаралық бау-бақша көрмесі 193 гектар аумақта орналасқан. Оны бір айналып өту үшін бірнеше сағат керек. Бірақ уақытым бос кетеді деп күмәнданбаңыз: бұл бақшада әр түрлі тұқымды, 5 миллионнан астам гүлді иіскей аласыз!

Бақша көрмесі Сунчхонда алғаш рет 10 жыл бұрын өтті. Биыл оның аумағы екі есеге ұлғайтылды. Жергілікті билік қаланы әлемдегі ең экологиялық таза аймаққа айналдыруға ниетті. Ол үшін 4 жолақты тасжолдың орнына жаяу жүргіншілерге арналған көгал салынды. Оның ені – 12 метр, ұзындығы – 1 шақырым. Көрмеге электр қозғалтқышымен жүретін су таксиімен жетуге болады. Автотұрақ пен кейбір көрме ғимараттары күн батареяларынан қуат алады. Қалада 5 жыл ішінде дизельді қозғалтқышы бар көліктердің жартысынан көбі экологиялық таза транспортпен алмастырылды.

Но Кван Гю, Сунчон қаласының әкімі:

- Қоғамдық көліктер мен велосипедтерді көбірек пайдаланатын, жаяу жүргіншісі көп, көліктері аз қаланы құру үшін біз бірқатар шараларды жасадық. Оның ішінде аптаның белгілі бір күндерінде тек жұп және тақ нөмірлері бар көліктерге ғана жолды пайдалануға, қозғалысқа рұқсат еттік.

Сунчон – Кореядағы ең таза қаланың бірі. Өйткені мұнда ірі өнеркәсіп ошағы жоқ. Әлемдегі ең үлкен сулы-батпақты жердің бестігіне енетін қорық та осы шаһарда орналасқан. 2018 жылы ол жер ЮНЕСКО биосфералық қорықтар тізіміне енді. Ал сулы-батпақты жерлер оттегінің ең маңызды регенераторлары болып табылады. 2030 жылға дейін ел билігі Сунчонда парниктік газдар шығарындыларын 40%-ке азайтуды жоспарлап отыр. Алдағы 20 жылдан кейін бұл көрсеткіш нөлге жетуі керек.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян.