Дүние жүзінде босқындар көбейіп барады
Дүние жүзінде босқындар көбейген үстіне көбейіп барады. Бұл тек босқындардың қарақан басы емес, сол барған елдері үшін де үлкен мәселеге айналды.
Өйткені оларды құрақ ұшып қарсы алып жатпағанмен, тамағын, жатын орнын тауып беруге тырысады. Ал осындай қымбатшылық заманда бұл да оңайға соқпай тұр.
Кейінгі кезде от-су кешіп, өз отанынан безгендер көбейді. Бәрі жат жұрттан жайлы жұмыс іздейді. Бірақ ешқайсысы салық төлегісі келмейді. Нағашысына қыдырып келгендей емін-еркін ғұмыр кешкенді қалайды. Сөйтіп ел экономикасына салмақ түсіреді. Мәсалы, Ұлыбритания билігі бүгінде заңсыз мигранттарға тәулік сайын 6 миллион 800 мың фунт стерлинг жұмсап отыр.
Роберт Дженрик, Ұлыбританияның Көші-қон министрі:
- Ел аумағына қайықпен жетіп жатқан мигранттардың артып кетуінен босқындар лагерінде орын қалмады. Осыған байланысты үкімет келімсектерді қонақ үйлерге жайғастыра бастады. Ал бұл жергілікті бизнес пен қоғамдық қызметтерге кері әсерін тигізіп жатыр. Теңіз жағасында орналасқан қалалар туристерден түсетін табыстан қағылса, британдық салық төлеушілерге кәдімгідей салмақ түсті.
Мексика
Шетелдіктерге қаржы шашқан былай тұрсын, ел аумағында заңсыз келімсектер көбейген сайын әлеуметтік қатынас та күрделене түседі. Бір жағынан мемлекеттің қауіпсіздігіне кереғар әрекеттер тіркелсе, екінші жағынан мигранттар құқығы сақталмай жатады. Мексикадағы босқындар базасында болған оқиға осыған дәлел. Тақауда күштік құрылым өкілдері мигранттар орталығынан өрт шыққанын көре тұра, көмектеспеген.
Роса Исела Родригес, Мексиканың Қоғамдық қауіпсіздік министрі:
- Осы оқиғаға қатысы бар 8 адам анықталды. Олардың екеуі федералды агент, біреуі көші-қон қызметі өкілі, ал қалғаны жекеменшік күзет компаниясының қызметкерлері. Бәрі прокуратурада түсінік беріп жатыр.
39 адам көз жұмып, 100-і газға уланған қайғылы оқиғадан кейін Мексикада жаппай шеру басталды. Қоғам белсенділері билік өкілдерін айыптап, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті.
Джули Родригес, Венесуэлалық мигранттарды қолдау қызметінің жетекшісі:
- Ішкі істер министрлігі мен ел президенті болған оқиғаға қатысты шара қабылдап, жауапкершілікті өз мойнына алуын талап етеміз. Мигранттар құқығын бұзуды доғару керек. Біздің елде босқындарға барынша қолдау көрсетіледі деп айтылғанымен, іс жүзінде - мүлдем басқаша.
Қазір келімсектер аталған орталықтардан қашып жатыр. Өйткені өз тағдырына алаңдайды. Апаттың қайталанбасына кім кепіл. Сондықтан бастарын қатерге тігіп, АҚШ-қа өтуге асық.