Ғалымдар: Өсімдіктер дыбыс шығарады

Естімеген ел де көп. Өсімдіктер де дыбыс шығарады. Мұны Израиль ғалымдары анықтап, дәлелдеді.

Бұл жаңалыққа шынымен "Әлемде талай қызық бар" деп таңқалуға болады. Өйткені өсімдіктер дыбыс шығарады деген ешкімнің ойына кіріп-шықпайды. Енді мұны ғалымдар дәлелдеп отыр. Солар жазған өсімдіктің дыбысын сіз де естіп көріңіз. 

Лилах Хадани, биолог:

- Біз бидай, жүзім, қызанақ, кактус пен темекі өсімдігінің дыбысын жазып алдық. Көбінесе олар 2 жағдайда дыбыс шығарады. Шөлдеп, қурай бастағанда және кескенде. Мысалы, біз қайшымен кестік. Сосын өсімдікке су құйып жатып, тоқтай қалсаңыз ол да дыбыс шығарады және екінші күні бұл дыбыс ұлғая түседі. 

Жайшылықта біз бұл дыбысты ести алмаймыз. Бірақ өсімдіктің жанайқайын еститін тіршілік иелері бар екен.

Лилах Хадани, биолог:

- Өсімдіктердің дыбысын еститін жануарлар бар. Мәселен, көбелектер мен жарқанаттар оларды ести алады. Бірақ өсімдіктің бұл дыбысты не үшін шығаратыны әзірге түсініксіздеу. Менің пайымдауымша, мұның 2 себебі бар. Біріншіден, олар осылайша сыртқы әлеммен тілдескісі келеді. Немесе осы өсімдіктің өзіне тән бір іс-әрекетінің үні болуы мүмкін. Мысалы, көбелек ұрығын қызанаққа тастайтын кезде дыбыс шығады. 

Иехуда Аникстер, өсімдік зерттеушісі:

- Біз дәл қазір қызанақ өсімдігінің дыбысын тыңдап жатырмыз. Қалыпты жағдайда бұл дыбысты есту мүлде мүмкін емес. Біз арнайы аспаптың көмегімен оның жиілігін адамның құлағына естілетіндей деңгейге жеткізіп, жазып алдық. 

Бұл зерттеу 6 жыл бойы жүргізіліп, кеше ғана американдық "Cell" журналында жарияланды.

Ернат Қашқынов