Түркияда 56 мыңнан астам нысан салынып болды
Түркияда 56 мың 323 нысанның құрылысы басталды.
Олардың ішінде тұрғын үйлер, мемлекеттік мекемелермен бірге әлеуметтік нысандар бар. Қазір елде 2 жарым миллион тұрғын уақытша шатырларды паналап жүр. Билік құрылысты жоспарланған уақытта,яғни бір жылда аяқтауды көздеп отыр. Алайда үйлерді жылдам салу сапаға әсер етпеуі тиіс.
Түркияда жер сілкінің болғанына екі айға жуықтады. Табиғи апат 11 провинциядағы 14 миллионға жуық тұрғынның тұрмысына тікелей әсер етті. Президент Режеп Тайып Ердоғанның сөзінше баспанасыз қалған тұрғындардың мәселесі биліктің назарында. Президент "ешкім далада қалмайды" деп сендірді.
Реджеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:
- Жер сілкінісі болған аймақта 650 мың тұрғын үй саламыз. Бір жылдың ішінде 319 мың ғимаратты тапсырамыз. Шұғыл қажеттілікті қамтамасыз ету үшін күні- түні жұмыс істейміз. Әрбір азаматымызды жылы ұясына орналастырамыз. Тың жобалар арқылы біз басқа аймақтарды да қауіпсіз мекенге айналдырамыз.
Қазір апат болған 11 провинцияның 8-інде зақымдалған ғимараттарды анықтау жұмысы аяқталды. Нәтижесінде 312 мың ғимарат жарамсыз болып шықты. Ведомство басшысының сөзінше, жаңа салынатын ғимараттар өңірдің ғылым, өнер мен мәдениетіне сәйкес жобаланбақ. Ол үшін, жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлердің пікірі ескерілді.
Мұрат Курум, Қоршаған орта, қала және климаттық өзгеріс министрі:
- Зілзаладан зардап шеккен өңірлердегі 2 миллион 31 мың ғимаратта сараптама жүргіздік. Соның аясында 894 мың тәуелсіз бөлімнен тұратын 312 мың тұрғын үйдің жарамсыз екенін анықтадық. Жер сілкінісінен ең қатты зардап шеккен провинция - ол Хатай. Ол өңірде жарамсыз деп табылған 99 мың ғимараттың құлатылуы үшін шешім қабылданды.
Соңғы ақпар бойынша апаттық аймақта 2,5 миллион тұрғын шатыр және контейнер қалашықтарда өмір сүруде. Сәуір айында аймаққа тағы 100 мың контейнер жеткізіледі. Басқа өңірлерге көшіп кеткен азаматтардың саны белгісіз. Оларға пәтер жалдағанда берілетін мемлекеттік өтемақы тағайындалған. Дегенмен, халық туған жерге оралуды тағатсыздана күтіп жүр.