Иранда хиджаб кимеген 2 әйел қамауға алынды
Иранның әлеуметтік желілерінде тараған видео елде үлкен дау туғызды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Онда ер адам дүкенде хиджаб кимеген қыз бен оның анасына қаймаққа ұқсас ағарған шашып жіберген. Ал бұзақыны дүкенші қуып шығады.
Жалпы, Иранда былтыр қыркүйек айында билікке қарсы шерулер басталып, соңы қақтығыстарға ұласқаны белгілі. Толқуға Махса Амини есімді студент қыздың өлімі түрткі болған. Әдеп полициясы оған хиджабты дұрыс тақпадың деп, соққыға жыққан еді. Жаппай шерулер қақтығыстарға ұласып, 500-ден аса адам көз жұмды. 20 мыңнан аса шеруші қамауға алынды. Ал жоғарыда айтылған оқиға бойынша Шандиз қаласының соты ер адамды қамауға алуға жарлық шығарды. Сонымен қатар киімге қатысты қатал заңды орындамағаны үшін 2 әйел де қамауға алынды. Осы оқиғадан кейін ел президенті заң бойынша әйелдер хиджаб киюге міндетті деп мәлімдеме жасады.
Ибрахим Раиси, Иран президенті:
- Барлығы заңға бағынуға тиіс. Егер қандай да болсын себеппен біреулер хиджаб таққысы келмесе де, өздері тұрып жатқан қоғамның тәртібіне мойынұсынуы керек.