Оңтүстік Кореяда өздігінен жүретін көліктер жарысы өтіп жатыр
Оңтүстік Кореяда өздігінен жүретін көліктер жарысының бірінші кезеңі басталды. Жарыс көрерменсіз, арнайы жабдықталған алаңда өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Чунбук университетінің 4-курс студенттері көліктерін жарысқа дайындап жатыр. Жарыс осы оқу орнының аумағында өткенімен, олардың дайындалуға уақыты болмады. Барлық қатысушыларға бірдей көлік берілген, бірақ әр команда өздерінің басқару бағдарламасын жасауы керек.
Пак Ен Джун, Чунбук университеті командасының капитаны:
- Біз жарысқа алғаш рет қатысып отырмыз. Ең алдымен, жылдамдыққа емес, көлігіміздің қауіпсіздігіне мән бердік. Университетті бітіргеннен кейін мен өздігінен жүретін көліктерді жетілдіргім келеді. Сондықтан көлік шығаратын ірі компанияда жұмыс істеуден үміттенемін.
Жарыста Кореяның 8 университетінен келген 9 команда бақ сынады. Ереже бойынша, машиналардың максималды жылдамдығы сағатына 30 шақырымнан аспауы керек. Әр көліктің соңынан 1 қатысушы жүгіріп отырады. Өйткені көлік әлдеқалай басқаруға көнбесе, оның тоқтату түймесін басу керек болады.
Владислав Цой, тілші:
- Жүргізушісіз көліктер жарысы арнайы полигонда өтеді. Қауіпсіздік ережелері бойынша жақын жерде жол немесе тұрғын үйлер болмау керек. Сонымен қатар полигон аумағы биік дуалмен қоршалған.
Жарысты автомобильдер мен қосалқы сайман өндірушілердің қолдауымен университеттер қауымдастығы ұйымдастырды. Демеушілер жарысқа қатысушылар дайындаған машиналарды электр қозғалтқыштар және шиналармен қамтамасыз еткен. Ал осы сында жеңіске жеткендерге сыйлық бар.
Мун Хи Сан, Хоник университетінің профессоры:
- Жарысты студенттер тәжірибе жинау үшін ұйымдастырдық. Өйткені олар жарысқа дайындалу кезінде жүргізушісіз көлікті басқару процесін меңгереді, сенсорлар мен GPS жұмысын зерттейді.
Биыл жарыстың 3 кезеңі өтеді. Әр кезеңнің өзіндік бағыты бар. Ұйымдастырушылар келесі жылы жоғары оқу орындарының түлектері арасында байқау өткізіп, шарттарын күрделендіре түспек. Осы ретте машиналардың максималды жылдамдығы сағатына 100 шақырымға дейін ұлғаяды.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян.