АҚШ-та құбылмалы ауа райы жұртты әбігерге түсірді

АҚШ-та құбылмалы ауа райы жұртты әбігерге түсірді

АҚШ-та торнадо үйлерді жермен жексен етті.

Жалпы дүлей дауыл 32 адамның өмірін жалмады. Тағы ондаған кісі жарақат алған.  Иллинойс штатының губернаторы табанынан таусылып, зардап шеккен аймақты аралап жүр. Бұл өңірде күшті жел концерт үшін 260 адам жиналған театрдың шатырын жұлып түскен. 50 жастағы ер адам опат болды.

Ал Арканзас штаты ақырындап ес жинап жатыр. Еріктілер шіркеулер мен қайырымдылық орталықтарына жиналып, зардап шеккен тұрғындарға ас дайындап әлек. Серж есімді аспаз жалғыз өзі 1 күнде 3 мың тамақ пісіргенін айтады.

Серж Крикориан, аспаз:

- Мұнда таңертең келгенмін. Бірден 300 таңғы ас әзірледім. 1800 хотдог пісірдім. Енді 900 сэндвич дайындап үлгеруім керек.

Техаста үлкендігі бөдененің жұмыртқасындай болатын бұршақ жауды. Далласта әуе рейстері тоқтатылды.

Италияда күн ысыды. Ауа температурасы былтырғыға қарағанда 1 жарым градусқа көтерілген. Мұның кесірі диқандарға тиді.

Риккардо Бонфанте, диқан:

- Бұрын біз тамшылатып суаруды мамыр айында бастайтынбыз. Биыл әдеттегіден ерте кірістік. Әйтпесе көкөніс піспей қалады. Бірақ енді арамшөп қаулайды.

Ыстыққа байланысты қауын 20 күн бұрын ерте жиналды. Енді оларды тездетіп сату керек дейді шаруалар.

Ернат Қашқынов