Өзбекстанда жекешелендіру науқаны жүріп жатыр
Өзбекстандағы әуе тасымалы саласындағы монополия біршама жеңілдеді. Мемлекетке тиесілі кей кәсіпорындар жеке тұлғалардың иелігіне беріліп жатыр. Ал ішкі жолаушы тасымалына жаңа компаниялар тартылды. Одан бөлек, банк пен ірі өндіріс ошақтарының құнды қағаздары халықтық IPO арқылы саудаға шығарылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл – Өзбекстанның әуе паркін толықтырған ұшақтар. Таиландтан тасмалданды. ATR 72-600 үлгісіндегі кемелер енді көршіміздің ішкі жолаушы рейстеріне қолданылады. Жаңа әуе компаниясының иелері нарықта монополистік саясаттың азайғанын айтады. Бұған дейін бір ғана тасымалдаушы бүкіл сұранысты өтеген. Бәсекелестіктің жоқтығынан сапаға да көп мән берілмепті.
Рана Джураева, әуе компаниясының директоры:
- Өзбекстанға ішкі рейстерді орындайтын компания бұрыннан қажет болатын. Ұсынымды президент қолдап, тиісті жарлыққа қол қойды. Жолаушыларға оның бағасы қолжетімді. Өңірлер арасында әуе көлігімен сапарлауға мүмкіндік туды. Мұндай үлгідегі ұшақтарға әлемдік нарықта үлкен сұраныс бар. Онымен өңірлік рейстердің 70%-і орындалады.
Саладағы негізгі мемлекеттік компания толыққанды жекенің иелігіне берілуі мүмкін. Қазір құнды қағаздарды сату стратегиясы әзірленіп жатыр. Өзбекстан Президенті арнайы пәрмен беріп, осы істі көпке ұзатпауды тапсырды. Сарапшылар жағдайдың оң әсері байқалғанын айтады. Нәтижесінде бюджетке түсетін ауыртпалық азайып, бәсекелестік орта қалыптасқан.
Юлий Юсупов, экономист:
- Өзбекстанда ұзақ жылдар бойы бір ғана әуе компаниясы болды. Оған әуежайлар да тиесілі еді. Ішкі және сыртқы рейстерді бір өзі орындап келді. Мемлекеттік болған соң нарыққа өзге тасымалдаушылар енген жоқ. Қазір сол ірі монополия жойылып келеді. Әуежайлар бөлек құрылым қарамағына өтті. Жаңа тасымалдаушылар пайда болды. Олардың нарықтағы үлесі әзірге аз. Дегенмен бәсекелестіктің дамуына оң ықпал етері сөзсіз.
Кешенді жекешелендіру науқанына тек әуе компаниялары ғана емес, банктер мен өндіріс ошақтары енді. 40-қа тарта кәсіпорындағы мемлекеттің үлесін халықтық айпио арқылы саудалау жоспарланып отыр. Бұл іс бюджетке қосымша пайда әкеледі. Өзбекстанда кейінгі 10 жылда мұндай ауқымда жекешелендіру болмаған. Былтыр ғана мемлекеттік активтер сатудан 11 трлн сомнан аса кіріс келді.
Авторы: Рауан Мыңбаев.