Жапонияда аутизммен ауыратын жандарға күтім жасайтындар тапшы
Жапонияда аутизммен ауыратын адамдардың орташа жасы қартайып барады. Ал оларға күтім жасайтын маман тапшы. Жапондар бұл олқылықтың орнын өзге мемлекеттердің есебінен толтыруға мәжбүр. Осы тұрғыда Индонезия күншығыс еліне кадр дайындауды басым бағытқа айналдырған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазір Жапонияда аутизмге шалдыққан 360 мың адам бар. Олар үшін 80-нен астам оңалту орталығы жұмыс істейді. Солардың бірі Сайтама префектурасында орналасқан. Құрылғанына 40 жылдай болған мекемеде 110 науқас тұрады әрі еңбек етеді. Олар арнайы жасақталған зауытта күніне 700 паллет жасап, айына 436 доллар жалақы алады. Бірақ егде еңбек адамдарына күтім жасайтын қызметкерлер жетіспейді.
Хидеори Мийазаки, менеджер:
- Қартаю үлкен мәселеге айналғалы қашан. Біздегі науқастардың орташа жасы – 60 жас. Бұл жастағыларға күтім жасаудың өзі – өте қиын шаруа.
Мамандардың зерттеуіне сүйенсек, Жапонияда жұмыс күшінің тапшылығы тереңдей береді. 2040 жылға қарай күншығыс еліне 11 млн жұмысшы қажет болады. Әсіресе құрылыс, транспорт және денсаулық сақтау салаларында кадр жетіспеушілігі қатты сезілмек.
Жұмыс күші азайған Жапонияға басқа елдер маман дайындап беруді кәсіпке айналдырды. Бұл істің көшбасында Вьетнам тұр. Екінші орында – Индонезия. Осы елдің 16 мың азаматы қазірдің өзінде Жапонияда жұмыс істейді. Ол жаққа барардан бұрын индонезиялықтар қарттарға күтім жасауға және жапон тілін үйренуге арналған курстардан өтеді.
Сити Маесаро, курсқа қатысушы:
- Жапония – мәдениеті бай, еңбек тәртібі мықты мемлекет. Индонезиялықтардың ол жаққа ағылуының сыры – осында. Әрі біздің жастар қарт адамдарға жақсы қамқорлық жасайды. Бұл курстарда біз жапон консерваторлығын талдап, қыр-сырына қанығамыз. Жапон грамматикасын игереміз.
Камила Мансжур, курс басшысы:
- Жапонияда бала туу үлкен мәселеге айналған. Ал бізде, керісінше, халық өсімі өте жоғары. Индонезияда жыл сайын 3 млн бала өмірге келеді. Бірақ біздің өз мәселеміз бар. Бізде жұмыс табу қиын. Сондықтан 2 ел бір-бірінің олқылығын толтырады.
Жапония халқының 28%-і – жасы 65-тен асқан қариялар. Сондықтан 340 мың жұмыс орны бос тұр. Соңғы 10 жылда тұрғындар саны 1 млн 800 мың адамға қысқарған.
Авторы: Ернат Мелсұлы.