Газа секторы мен Израиль бір-біріне зымыран атты
Таяу Шығыста тағы тыныштық кетті. Газа секторы мен Израиль бір-біріне зымыран атты.
Бұған Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Түркия алаңдаулы. Ия, дәстүрлі діндердің қайнар бұлағы саналатын аймақтың тұрақсыздығына не себеп?
Тараптар арасындағы қақтығыс мұсылмандардың Рамазан айы мен еврейлердің Песах мерекесі кезінде болып отыр. Израиль полициясы әл-Ақса мешітіне рейд жүргізді.
Таяу Шығыс тағы да дүрлікті
Таяу Шығыста жағдай ушығып тұр. Израильдің қауіпсіздік күштері Иерусалимдегі «Әл-Ақса» мешітінде рейдтік тексерулер жүргізіп, 350 адамды тұтқындады. Полицейлер түн ішінде ғимаратқа басып кіріп, мінәжат етушілерді эвакуациялауға тырысқан. Сол сәтте палестиналықтар қарсылық көрсеткен. Израиль үкіметінің мәлімдеуінше, тәртіп сақшылары мешіттен радикалдарды шығару үшін осындай әрекетке барғандарын айтады. Ал арабтар намаз кезінде мұндай операция жүргізілуіне наразы. Болжамдарға қарағанда бұл жанжал ауқымды соғысқа ұласып кетуі мүмкін. Өйткені жүздеген адам қамауға алынғаннан кейін палестиналық анклав Израиль аумағына қарай 9 зымыран ұшырған. Көп ұзамай Израиль әскері де бұған қарсы жауап ретінде әуе соққыларын жасады. Әзірге қайтыс болғандар жайлы ақпар жоқ.
Йоав Галант, Израильдің Қорғаныс министрі:
- Бізге зиян тигізбек болғандардың бәрі жазаланады. Израиль азаматтары мен Қорғаныс әскерін қорқытуға ниеттенген кез келген адам өкінетін болады.
Қақтығыстың салқыны исламшылар бақылауындағы Газа секторында да байқалады. Ондағы тұрғындар Израильмен арадағы шекарада дөңгелектерді өртеп, шеруге шығып жатыр. БАҚ өкілдерінің мәліметі бойынша тәртіпсіздіктер Иерусалимнің бірнеше ауданында тіркелді. Атыс дыбыстары да естілген.
Хазем Кассем, "Хамас" ұйымының өкілі:
- Әл-Ақса мешітіндегі жағдай атап айтқанда, Израиль күштерінің мінәжат етушілерге жасаған шабуылы – қылмыс саналады. Ол адам құқықтарын бұзудың айқын көрінісі. Сол үшін кінәлілер жауапқа тартылуы керек.
Түріктер Израильді айыптады
Израиль рейдтерін ресми Анкара қатаң айыптап отыр. Түріктер Таяу Шығыстағы қақтығыстарды дереу тоқтатуды талап етуде. “Әл-Ақса барша мұсылмандар үшін қасиетті жер, мұнда бейбіт тұрғындарға шабуыл жасалды. Біз үнсіз отыра алмаймыз”, - деп мәлімдеді мемлекет басшысы Режеп Тайип Ердоған. Ел азаматтары да бұл оқиға бей-жай қарамай, Израильдің Анкара мен Ыстамбұлдағы дипломатиялық миссия ғимараты алдына жиналып, наразалықтарын білдірді. Ондаған адам қақтығысты тез арада тоқтатуды талап етті.
Режеп Тайип Ердоған, Түркия Президенті:
- Құлшылық етіп жатқан бейбіт тұрғындарға гранаталармен, резеңке оқтармен шабуылдау әділетсіздіктің айқын белгісі. Израиль билігінің осы әрекетінің ар жағында ішкі саясаттағы проблемалар тұрса керек.
БҰҰ Таяу Шығыстағы ахуалға алаңдаулы
Шиеленістің өршуіне Біріккен Ұлттары ұйымы алаңдаулы. Ұйым басшысы Антониу Гутерриш тараптарды бітімге келуге шақырды. Ол үшін кез келген көмек көрсетуге дайын екендерін де жеткізді.
Стефан Дюжаррик, БҰҰ бас хатшысының баспасөз хатшысы:
- Храм тауында медициналық қызметтердің тез арада қалпына келуін қамтамасыз ету үшін серіктестерімізбен бірге қол ұшын созуға әзірміз. Кешен аумағындағы ауруханаға қатты зақым келген. Соның салдарынан жабылып қалды. Оқиға орнында жүрген әріптестеріміз осындай баға беріп отыр.
Мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Әл-Ақса мешіті мен иудаизм үшін ең қасиетті орын Храм тауында Израиль мен палестиналықтардың жанжалдасуы бірінші рет болып отырған жоқ. Былтыр да қақтығыс мұсылмандардың Рамазан айы мен еврейлердің Песах мейрамы кезінде болған еді. Сол кезде жүздеген адам жараланды. Екі тарап бірін-бірі айыптап мәселе шешусіз сол күйі қалған еді.