Ливан аумағынан Израильге шабуыл жасалды
Еврей ақпарат құралдарының хабарлауынша, зеңбіректен 34 зымыран атылған.
Оның 25-ін Израиль әскері қағып түсірген. 1 адам жараланды. Әзірге шабуылды ешбір ұйым өз мойнына алған жоқ. Зымыранды Ливандағы Палестина күштері немесе «Хезболланың» жасақтары атуы мүмкін деген болжам айтылды. Жағдайдың ушығуына Израиль әскерінің «Әл-Ақса» мешітінде күш қолдануы себеп болған. Тәртіпсіздіктер кезінде 350-ден астам адам қамауға алынған.
Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:
- Жақында ғана дұшпандарымызға «Израильдің ішіндегі айтыс-тартыс жауға қарсы әрекет етуімізге кедергі жасай алмайды» деп ескерткен едім. Бұл мәселеде біз жұмылған жұдырықтаймыз. Біз Храм тауындағы саясатымызды өзгертуден аулақпыз. Сындарлы сәтте Израиль халқы бірігіп кетеді.
Израиль газа секторын бомбалады
Израиль әскері бүгін таңсәріде қарымта ретінде Газа секторын бомбалады. Осы сәтке дейін 4 жарылыс тіркелген. Еврей билігі бірнеше туннель мен қару жасайтын 2 нысанның қиратылғанын мәлімдеді.
Стефан Дюжаррик, БҰҰ ресми өкілі:
- Біз Ливан тарапынан Израильдің солтүстігіне жасалған зымыран шабуылын айыптаймыз. Барлық тарапты барынша ұстамды болуға шақырамыз. Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы бітімгерлік күштері 2 жақтың жауапты орындарымен үнемі байланыста. Бұл жағдайды әрі қарай ушықтырмаған жөн.