Түркия мен Сирия: зілзала зардабы ауыр
Жерасты дүмпулерінің үрейі тарқағанымен, зардабы әлі біткен жоқ. Түркия тұрғындары таудай үйілген қирандыны тазалау жұмысы дұрыс жүрмей жатыр деп ашынады. Кәсібі күйрегендердің тұрмысы ауырлады. Баспанасынан айырылған сириялықтар адам сияқты жайлы үйде тұруды аңсайды, деп хабарлайды «Хабар 24».
6 ақпандағы зілзала Түркияның 11 провинциясында тіркелді. Соңғы ресми дерек бойынша, 310 мыңнан астам ғимарат қираған. Содан қалған қоқыс әлі таудай болып үйіліп жатыр. Оны тазалауға жұмыс күші мен техника жетіспейді.
Орхан Сарыалтын, Инженерлер мен сәулетшілер одағының өкілі:
- Қирандыларды тазалау жұмысы атүсті жүргізіліп жатыр. Кейбір қоқыс алысқа апарылмай, тура қаланың іргесіне төгілген. Бұл адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.
Зілзала салдарынан 3 млн 700 мың адам жылы орнын суытты. Көбі әлі күнге дейін қолдан жасалған шатырлар мен контейнерлерде тұрып жатыр. Табиғи апаттың кесірінен қарапайым шаруалардың нәпақа тауып отырған кәсібі құрдымға кетті. Зәйтүн, құлпынай сияқты ауыл шаруашылығы алқаптарында үлкен жырықтар пайда болып, жұмыс біржола тоқтады. Инфрақұрылым істен шықты. Кейбір шаруашылықтар 3 миллион лира дейін шығынға батқанын айтады. Бұл шамамен 156 мың доллар. Антакиа қаласында аяқ киім шығаратын 150 ірі фабрикасы қирап қалды.
Адем, аяқ киім фабрикасының иесі:
- Фабрикадағы барлық құралдар істен шықты. Зілзаланың кесірінен бір-ақ күнде 5 млн лира шығынға баттық. Жылдар бойы жүргізген бизнесімнен айырылдым.
12 жылға созылған соғыстан көз ашпаған, атышулы «ДАИШ» лаңкестік тобының қанды қасабынан жапа шеккен сириялықтарға тіптен қиын. Зілзала ауыртпалығын 14 млн халық сезінді. 3 млн-нан астам тұрғынның тұрақты баспанасы жоқ. Сондай-ақ сириялықтар сырт әлемге де өкпелі.
Тағрид Абдулла, жергілікті тұрғын:
- Үйіміз де, күйіміз де жоқ. Баспана салуға шамамыз мүлде жетпейді. Бұрын ел қатарлы адам едік, қазір сіңірі шыққан кедейге айналдық. Санкциялардың кесірінен бәрінен айырылдық.
Сирия үшін бұл жер сілкінісі «Жығылғанға – жұдырық» болды. Қарулы қақтығыстан күйзелген халықтың еңсесін енді қашан тіктейтіні белгісіз.
Авторы: Ернат Мелсұлы.