АҚШ-та әлімжеттік азаймай тұр

АҚШ-тың Иллинойс штатының тұрғындары оқушылар арасындағы әлімжеттік жиілеп кеткеніне алаңдайды. Ата-аналар жиналып, балалар буллингтін тоқтатуды талап етіп жатыр. Статистика бойынша елдегі әр бесінші оқушы мектепте қысымға ұшырайды. Сыныптастан зәбір көрген жасөспірім жабығып, суицидке де барып жатады. Сондықтан Монтана штатында арнайы заң жобасы қаралып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мектеп оқушыларының арасындағы буллинг Иллинойс штатында тұратын ата-аналарды алаңдатып отыр. Олар оқушылардың бірі-біріне әлімжеттік көрсетуі жиілеп кеткенін айтады. Тіпті мектептен көгала қойдай болып оралу қалыпты жағдайға айналып барады, - дейді жергілікті білім басқармасына шағымдануға келген ата-ана.

- Балам күнде қорлыққа шыдамай, өзін қорғау үшін төбелесе кеткен. Бірақ өзін қорғағаны үшін неге айыпталуы керек?

 

- Мен күн сайын балаларым мектепке кеткенде соғысқа жібергендей қорқып отырамын. Себебі онда оларды ешкім қорғамайды.

Бір қызығы, бұзақыға тойтарыс беруге болмайды. Мектептің ішкі тәртібі сондай. Талап бойынша буллинг туралы бірден сынып жетекшісіне жеткізу керек. Бірақ намысқа тырысатын оқушылар көп жағдайда «сөз тасудан» қорқады. Соның салдарынан кемсіту жалғаса береді. Осы жағдайларды ескерген Монтана шататының заңгерлері арнайы заң жобасын әзірледі. Егер құжат қабылданса, зәбір көруші тойтарыс беруге болады.

Джедиах Хинкил, Монтана штатының палата өкілі:

- Монтана штатында өзін қорғау туралы заң бар. Егер сізге физикалық тұрғыда біреу шабуыл жасаса және өміріңізге қауіп төнсе, өзіңізді қорғау үшін күш қолдануға құқылысыз. Тіпті оның соңы адам өліміне әкелсе де қорғана аласыз. Ал неге мектептің ішінде қорғана алмайсыз? Бізде екі түрлі стандарт болмауы керек.

«Қарымта шабуыл» деп аталатын заң жобасы буллингті жоймаса да, азайтуы тиіс. Өйткені жоғары сынып оқушылары тентекті тезге салу үшін мүмкіндігінше тойтарыс бере алады. Әлімжеттік оқиғасының куәгері де әлсізін қорғау мақсатында күш қолдануына болады. Бірақ таяқтың 2 ұшы бар деген қарсы тарап, бұл заң жобасы балалар арасында зорлық зомбылықты насихаттайды деп алаңдайды. Құжаттың іске асуына Монтана губернаторының ғана қолы жетпей тұр. 

Нұрбек Бекен, тілші:

- Өткен жылы АҚШ-та 160 000-нан астам жасөспірім буллингтің кесірінен мектепке бармай қалған. Оқудан шығып кету де жиілеген. Кеше ғана АҚШ-тың Вирджиния штатындағы Фэйрфакс қаласындағы супермаркетте 2 жасөспірім пышықталып қалды. Жергілікті полиция 2 күдіктіні ізін суытпай ұстап, қамауға алды. Зардап шеккен жасөспірімдер мен пышақ ала жүгіргендер бірін-бірі бұрыннан таныған. Ауруханаға ауыр жарақатпен түскен бойжеткеннің жағдайы қиын, - дейді дәрігерлер.

Авторы: Нұрбек Бекен.