Үндістанда еңбекке қабілетті қыз-келіншектер жұмысқа шыға алмай отыр

Үндістан жұмыс істемейтін қыз-келіншектердің көрсеткіші бойынша әлемде артта қалған 20 елдің қатарына кірді.

Бірақ бұған нәзік жандардың түк кінәсі жоқ. Кілтипан басқада.

Үндістан экономикалық дамуы жағынан қанша қуатты болса да, елдегі 670 миллион әйелді жұмысқа шығармай, жіпсіз байлап отыр. Жұмыс жоқ емес, бар. Оны істеуге қыз-келіншектер де құлықты. Бірақ салт-дәстүр нәзік жандардың еңбекке емін-еркін араласуына шектеу қояды. Үнді қоғамы әйелдер от басы, ошақ қасынан ұзамауы керек деп есептейді.

Шила Синх, жұмыссыз:

- Мен "Бала-шағаға қарамайсың!" деген қиянаттың құрбанымын. Бала бағып, күйеуімді күтіп, үйде отыруым керек деген талап қойылды. Ақыры, осы қысымға шыдамай, жұмыстан шығып кеттім. Маған басқа таңдау қалдырмады. Сол күні ағыл-тегіл жыладым.

Лалмани Чаухан, әлеуметтік жұмысшы:

- Қыз немесе әйел болу қылмыс па? Үнімізді шығарып сөйлесек, жұмыс істесек айықпас күнә бола ма? Маған "Неге, не үшін жұмыс істейсің?" деген сұрақ жиі қойылады. Бірақ жауап таппай қиналамын. Содан көңілім құлазиды.

Ресми дерекке сүйенсек, былтыр әйелдердің 25 пайызы ғана еңбек еткен. Бұдан 18 жыл бұрын олардың қатары 35 пайызды құрап, едәуір көп болатын. Ал Үндістан экономикасына мониторинг жасайтын тәуелсіз орталықтың есебі бойынша, қазір еңбекке қабілетті әйелдердің 10 пайызы ғана жұмыс істейді.  

Пунам Мутреджа, "Үндістан халқы" қорының атқарушы директоры:

- Үндістан әйелдерінің еңбектегі үлесі жалпы ішкі өнімнің 20 пайызына да жетпейді. Бізге нәзік жандарға ана, жар ретінде қамқорлық жасайтын әрі жұмыс істеуге толық мүмкіндік беретін экономикалық саясат керек. Әйтпесе отбасына бола жұмыстан кетіп жатқан әйелдер өте көп.

Үндістанда еңбекке қабілетті болса да жұмысқа шыға алмай, қор болып жүрген қыз-келіншектердің қатары АҚШ-тағы халық санынан 2 есе көп. Халықаралық "МакКинзи" кеңес беру компаниясы: «Үндістан билігі жұмыс істейтін әйелдердің үлесін тым құрығанда 10 пайызға арттырса, онда жалпы ішкі өнім 552 миллиард долларға артар еді», - дейді.