Парижде Сена өзенін тазартып жатыр

Үндістанның Керала штатының Элур мекенінде экологиялық жағдай ушығып тұр.

Жүздеген өнеркәсіп аралдағы тіршілікке кері әсерін тигізіп жатыр. Ал Парижде Сена өзені шұғыл тазаланып жатыр. Шаһар келесі жылы жазғы олимпиада ойындарын қабылдайды.

Мынау Керала штатының оңтүстігіндегі Элур мекені. Кезінде табиғаты әсем, тіршілік қыз-қыз қайнаған аралдың аспанын қазір көк түтін тұмшалаған. Ауасынан қолқаны қабатын мүңкіген иіс кетпейді. Бәріне өткен ғасырдың 70-ші жылдары салына бастаған өндіріс ошақтары себеп. Зауыт-фабрика қалдықтарын Перияр өзеніне төгіп, қоршаған ортаға көп зиян келтірген. Тұрғындар құтты орынынан көшіп, ауылдың ажары кеткен.  

Анвар, Перияр өзенінің ластануымен күрес бойынша комитеттің мүшесі:

- Бұл мекеннің экожүйесі қатты бүлінген. Жер асты сулары ластанған. Өзенде балық жоқ. Қармақ салсаңыз оған балық ілінбейді.   

Қазір Элурда 300-ден аса кәсіпорын жұмыс істейді. Тұрғындардың айтуынша, олар тұщы судың көп бөлігін Перияр өзенінен алады. Бірақ оны пайдаланған соң еш тазартусыз өзенге қайта төгеді. Осының кесірінен онда балық атаулы қырылып, сиреген.

Омана Маникуттан, Элур тұрғыны:

- Өзенде балықтар бар. Бірақ жеуге келмейді. Егер оларды аулап пісіріп көрсеңіз, химиялық заттардың дәмі шығады. Сондықтан бұл өзеннен ешкім балық ауламайды. 

Жергілікті билік болса өзеннің ластануына тұрғындар кінәлі. Ал өндіріс ошақтары арқасында мыңдаған жұмыс орыны ашылып, елге көп пайда әкеліп отыр дегенді айтады. 

Бабураджан, Керала штаты қоршаған ортаның ластануын бақылау бойынша кеңесінің бас экологы:

- Перияр өзенінің ластануы өндірістік қалдықтар емес адамдардың тұрмыстық қалдықтарды бейберекет төгуінен деп ойлаймын. Біздің зерттеулеріміз ондағы ауыр металлдардың белгілі нормаға сай екенін көрсетіп отыр.

Жергілікті тұрғындар мұндай пікірмен мүлде келіспейді. Мамандар да өзенде мырыш, қорғасын сынды ауыр металлдар шамадан асып түседі. Сондықтан өнеркәсіптерді қатаң бақылау керек деп отыр.

Чандрамохан Кумар, Кочинск ғылым және технология университетінің профессоры:

- Олар замануи тазалағыш құрылғылармен жабдықталуы тиіс. Бірақ бұл қомақты қаржыны қажет ететіндіктен компаниялар үшін тиімсіз. Басқаша айтқанда мәселе қаржыға келіп тіреледі.

Сена өзенін тазалап жатыр

Францияда билік Париждің қақ ортасымен ағып жатқан Сена өзенін шұғыл тазалауға көшті. Шара келер жылы осы елде өтетін жазғы олимпиада ойындарына байланысты қолға алынған. Мақсат Сенаны адамдар шомыла алатындай етіп тазарту. Себебі, кей сайыстармен бірге олимпиаданың ашылуы да осы өзен бойында ұйымдастырылады. Жобаға 1,5 миллиард доллар бөлінген.

Дэн Анхелеску, Fluidion ұйымының басшысы, ғалым:

- Бұл шара басқа елдерге оң ықпал етеді деп ойлаймын. Өзге қалалар Парижге қарап бой түзейді. Сена өзенінің көрген соң олар да шаһарларындағы өзендерді қалпына келтіре бастайтынына сенімдімін.

Қала билігі Олимпиада көп жылдан бері жыр болып келе жатқан түйткілді шешушге оң ықпал еткеніне риза. Әйтпесе өзенді тазалау үшін қомақты қаржы жинап, оны жүзеге асыру үшін әлі талай жыл кетер ме еді дейді.

Дәурен Ақашұлы