АҚШ барлау қызметінің құпия құжаттарын жариялаған күдіктіні ұстады

Федералды тергеу бюросы АҚШ барлау қызметінің құпия құжаттарын жариялаған күдіктіні ұстады.

Анықталғандай Ұлттық гвардияға қарасты әуе күштері бөлімшесінің 21 жастағы қызметкері әскери құжаттарды әлеуметтік желіде татартқан.

АҚШ барлау қызметінің жасырын мәліметтерін жариялаған күдіктіні Әділет министрлігі мен Пентагон тергеп жатыр. Оның есім-сойы да белгілі болды. Жау алыстан келмепті. Бас прокурор Массачусетс штатындағы ұлттық гвардияның авиациялық бөлімінде қызмет ететін Джек Тейшейраның ұсталғанын мәлімдеді. 

Ол интернеттегі видео ойыншылар арасында танымал discord деп аталатын әлеуметтік желіде жабық чат тобының жетекшісі болған. Сол жерде құпия құжаттармен бөлісіп, бөскенге ұқсайды.

Жабық чаттағы 20-30 жасөсіпірімге өзі оқыған құпия құжаттардың мазмұнын айтып берген, кейін суретке түсіріп, чатқа таратқан.

Меррик Гарланд, АҚШ бас прокуроры:

- Мен ФБР-ге, Әділет департаментіне, прокуратураға және қорғаныс министрлігіндегі әріптестерімізге осы іс бойынша қажырлы еңбектері үшін алғыс айтамын. Бұл тергеу әлі жалғасады. Біз қосымша ақпаратты тиісті уақытта бөлісеміз.

Құпия құжаттар көптеген қызметкерлерге қол жетімді болса да, тергеушілер сот-медициналық сараптама нәтижесінде күдіктілер санын қысқартқан. Жабық чатта отырған Discord платформасы да тергеуге жан-жақты көмсектесетінін мәлімдеді.

Бұл іс бойынша қылмыстық тергеуді Вашингтондағы ФБР кеңсесі жүргізіп жатыр.

Естеріңізге салайын, желіде жария болған құпия және аса құпия құжаттарда Украина мен Ресей әскерінің артықшылығы, осал тұстары сияқты сараптамалар, фотосуреттер, карталар болған. Бұдан бөлек АҚШ-тың одақтастары, атап айтқанда Израиль, Оңтүстік Корея және Түркия туралы мәліметтер ашылып қалды.