Германия атом станцияларынан бас тартты

Германия атом энергетикасынан толықтай бас тартты. 15 сәуір күні елде соңғы 3 атом электр станциясы жабылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұрынғы канцлер Ангела Меркель ядролық энергетиканы бақылау қиын әрі қауіпті деп 2011 жылы парламентке ұсыныс жасайды. Бірнеше айдан кейін депутаттар елдегі барлық атом электр станцияларын жабу туралы шешім шығарады. Осылайша, 12 жыл ішінде елдегі 22 атом электр станциясы толықтай жұмысын тоқтатады. Тұрғындар болса енді коммуналдық төлемдер өседі деп алаңдайды. 

Тұрғындар:

- Германия – жаңа атом электр станцияларын салудан бас тартып, ескілерін жауып жатқан алғашқы мемлекеттің бірі. Біз бұл қадамның салдары қалай болатынын көп ұзамай білеміз. Иә, қазір оған қарсылар көп. Бірақ, менің ойымша, бұл – уақытша үдеріс.

- Мен жасыл энергетикаға қарсы емеспін. Бірақ ол атом энергиясын толықтай ауыстыра алмайды. Сондықтан үкімет алдымен атом емес, көмір станцияларын жабу жағын ойластыруы керек еді деп ойлаймын.

Қоғам пікіріне қарамастан үкімет шешімін өзгертпек емес. Жаңа Германия жасыл энергетикаға бет бұрды. Мемлекет қажетті энергияны күн мен жел секілді жаңғыртылатын қуат көздерінен алуды көздеп отыр.