Жапонияда «Үлкен жетілік» саммиті өтіп жатыр

Тайвань тағдыры, Солтүстік Кореяның зымыран сынақтары мен Украина дағдарысы. Бұл – Жапонияда өтіп жатқан Үлкен жетілік саммитінің күн тәртібіндегі мәселелер. 3 күнге созылатын жиында бұдан басқа тағы қандай түйткілдер талқыға түсуі мүмкін?

17 сәуір – аталған саммиттің екінші күні. Сыртқы істер министрлері деңгейінде өтіп жатқан жиында біраз мәселенің басын қамтылды. Азық-түлік қауіпсіздігінен бастап, климат өзгерісіне дейінгі түйткілдерді талқыланды.

 «ҮЛКЕН ЖЕТІЛІК» ЖИЫНЫ

Кейінгі күндері күллі әлем құлақ түрген айтулы оқиғалардың бірі Жапонияда өтіп жатқан «Үлкен жетіліктің» жиыны екені сөзсіз. Жарғақ құлағы түрулі жаһан одан жарқын жаңалықтар күтіп, сана серпілтер сара сөздер дәметіп отырғаны айтпаса да түсінікті. Себебі G7 дүниенің ірі мәселелерін еңсеру жолында басты форум саналады. Сонымен әлемнің алдыңғы қатарлы 7 елінің сыртқы істер министрлері бас қосқан кездесуде тараптар не деп уағдаласты? қандай мәселе бойынша келісімге келе алмады? Әуелі позитивті сарындағы ақпарлардан сабақты ине тартып көрсек. Жапонның Каруидзава қаласында өтіп жатқан басқосуда министрлер Ресейге қарсы санкцияларды күшінде қалдырып, оны айналып өтуге жол бермеуге келісті.  

Ёсимаса Хаяси, Жапонияның Сыртқы істер министрі:

- Ресейдің Украинаның статус-кво жағдайын күшпен немесе агрессиямен бұзуға бағытталған кез келген біржақты әрекеттеріне, сондай-ақ ядролық қаруды қолдану қаупіне үзілді-кесілді қарсымыз. Осылайша, біз Үлкен жетіліктің заң үстемдігіне негізделген халықаралық тәртіпті сақтауға деген табанды шешімін бүкіл әлемге көрсетеміз.

 

Бұған дейін G7 елдері биыл Украинаға қаржылай көмек ретінде 39 млрд доллар бөлетіні белгілі болған еді. Бұл қаржы үкіметтің ары қарай жұмыс істеуіне, зақымдалған инфрақұрылымды жөндеуге және ел экономикасын тұрақтандыруға жұмсалмақ.

 

Басқосуда Тайваньның тағдырына да ерекше көңіл бөлінді. Кейінгі кездері «Үлкен жетіліктің» Азиядағы жалғыз өкілі – Жапония көрші жатқан Қытайдың әскери әлеуетіне қатты алаң екенін жеткізді. Өз кезегінде Германияның Сыртқы істер министрі Бейжің әлемдік тәртіпті өзгертуге тырысып жатқандай көрінеді деген сын айтты.  

Анналена Бербок, Германия Сыртқы істер министрі:

- Серіктестеріміз бізге сенуі керек. Бұл әсіресе Үнді-Тынық мұхиты аймағына қатысты. Себебі 21 ғасырда әлемдік тәртіптің қалай болатынын дәл осы аймақ белгілеуі мүмкін. Соңғы күндері осы аймаққа жасаған сапарым мұны кезекті рет дәлелдеді. Қазір біздің серіктестеріміздің біразы Қытайдың халықаралық ережелерді өз ережелерімен алмастырғысы келетінін сезіп отыр. Олар ешқандай ереженің жоғын айтады. Бірақ өздері кезінде сол ережелерді ратификациялаған болатын.

 

Жалпы, жиын барысында бұдан басқа біраз әңгіменің тиегі ағытылды. Соның бірі қазба отыннан біртіндеп бас тарту жөніндегі мәміле болса керек. Құжатқа сәйкес G7 елдері  2050 жылға қарай энергетикалық жүйелерде көміртек қалдықтарын азайту үшін қазбалы отын түрлерін қолданбауды жеделдетуі керек. Десе де министрлер көмірден бас тарту мерзімі бойынша ортақ ымыраға келе алмады.

Жильберто Пичетто Фратин, Италияның Қоршаған ортаны қорғау және энергетикалық қауіпсіздік министрі:

- Үлкен жетілік елдерінің көміртек шығарындыларын тезірек нөлдік көрсеткішке жеткізу жөніндегі ұстанымына өте ризамыз. Сонымен қатар энергетикалық салада инвестиция құю бастамалары да қуантады.

 

Біраз түйткілдің түйіні осындай ауқымды шараларда шешілетініне қарамастан жиынға саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарап отыратындар әрдайым табылады. Пікірлер қайшылығының болуы заңды нәрсе, әрине. Бүгін бір топ азаматтың көшеге шығып, наразылық білдірді. Вокзал ғимаратына жиналған жұрт саммит жұмысына көңілі толмайтындарын жеткізді:

- Үлкен жетіліктің алға қойған мақсаттарына күмәнмен қараймын. Меніңше, басқосуға тек дәулетті мемлекеттер жиналып, кедей елдердің жағдайын талқылауы дұрыс емес.

- Бейбіт әлем, антиядролық қозғалыс секілді мәселелер мұндай кездесулерді конструктивті түрде талқыланбайды. Әңгіме тек әлемдік державалардың мүдделері аясында өрбиді. Ал бұл – қате.