Бірқатар ел Украинаның өнімдерін өз аумағы арқылы салықсыз өткізуге қарсы
Словакия, Польша мен Венгрия Украинаның ауыл шаруашылығы өнімдерін өз аумағы арқылы алым-салықсыз өткізуге қарсы.
Бұл қатарға Болгария да қосылғалы жатыр. Еурокомиссия мұндай шешімді біржақты деп айыптап, дағдарыстан шығу жолдарын іздестіріп жатыр.
Шығыс Еуропаның шаруалары мен саудагерлері бірнеше аптадан бері наразылық танытып жатыр. Олар Украинаның агроөнімін алым-салықсыз кіргізуге қарсы. Ресми Варшава Украинадан әкелінген тонна-тонна нан нарықты тұрақсыздандырып, жергілікті өндірушілер үшін тиімсіз баға саясатын орнатады дейді. Ал Еурокомиссия мұнымен келіспейді.
Мириам Гарсиа, Еурокомиссияның ресми өкілі:
- Біз Еуроодақ елдерінің, сондай-ақ Украинаның тиісті органдарымен байланыс жасап отырмыз. Ондағы мақсатымыз қалыптасқан қарсылықтың құқықтық мәнін түсіну. Негізі сауда саясаты ЕуроОдақтың толық құзыретіндегі шаруа. Яғни мұндай шешімдер тек Одақтық деңгейде қабылдануға тиіс. Біржақты іс-әрекетке жол берілмеуі керек.
Украинадағы қарулы қақтығыс басталғалы Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Түркия "Қара теңіздегі астықты тасымалдау бастамасын" құрды. Бұл Одесса, Черноморск және Оңтүстік қалаларынан азық-түлік пен тыңайтқыштарды тасымалдауға мүмкіндік берді. Бірақ астық тым көбейіп кетіп, Шығыс Еуропаның нарық саясаты үшін тиімсіз болып жатыр. Венгрия "Еуроодақ нарықты қорғамаса, Украинадан келетін өнімге салынған тыйым мерзімін ұзартатынын ескертті.
Шандор Фаркаш, Венгрияның Ауыл шаруашылығы министрлігінің хатшысы:
- Біз венгриялық шаруалардың мүддесін қорғауға тиіспіз. Украинадан әкелінетін астықты ғана емес, сондай-ақ мұнай өнімдері, бал және басқа тауарларды да бақылауға алуымыз керек.
Польша Украина өнімін Африка мен Таяу Шығысқа Еуроодақ аумағы арқылы емес, тікелей жіберуді талап етіп жатыр. Ал Еурокомиссия Польша, Румыния мен Болгарияның шаруаларына 57 миллион еуро көлемінде екінші қаржылық көмек беретінін мәлімдеді.
Бұл шешім алдағы 2 аптаның ішінде қабылдануы керек.
Жанат Эрнст