Судан тағы да атыс-шабыс жүріп жатыр
Судан тағы да атыс-шабыс жүріп жатыр. Екі генералдың арасындағы тайталастан ел ішінде оқ атылып, жүздеген адам көз жұмды.
Қантөгісті тоқтату үшін тараптардың бірі 24 сағаттық бітімге келіскенімен, қарсы күш әлі де әуеден атқылауынан қояр емес.
Бірер күннен бері Судандағы сұмдық әлемдік баспасөз беттерінен түспей келеді. Жаһан жұртшылығын елең еткізген жайт - бейбіт тұрғындардың жаппай қаза табуы. 185 адам көз жұмып, 1800-і жарақат алған. Мұның бәрі күштік құрылымдар арасындағы қақтығыстың кесірі болып тұр. Билікке таласқан тұрақты армия мен жедел әрекет ету күштері елдегі ірі қалалардың бәрін отқа орады.
Қазір ел астанасы Хартумда су да, жарық та жоқ. Азық-түлік жетіспеушілігі тағы бар. Қызыл крест өкілінің айтуынша, аймаққа гуманитарлық көмек жіберу мүмкін емес.
Фарид Айвар, Судандағы "Қызыл крест" өкілі:
- Түрлі ұйымдар мен азаматтардан көптеген қоңырау түсіп жатыр. Бәрінің сұрайтыны бір – эвакуация. Кейінгі 4 күн ел азаматтары ішерге тамақ таппай қалған. Кей аудандарда жарық та жоқ. Жалпы, Судан бойынша 400 мыңнан аса еріктіміз бар. Бәрі қазіргі дағдарыс кезінде қол ұшын созуға дайын. Алайда тоқтаусыз атыстан азаматтарға көмектесу мүмкін болмай жатыр.
Судандағы шиеленіске шет мемлекеттер шамадан тыс алаңдаушылық білдіріп отыр. Өйткені Хар-тумдағы ЕуроОдақ елшісі, Ир-ландиялық дипломат, Эйдан О'Хара-ға шабуыл жасалды. Ал бүгін АҚШ дипломаттарының көлігіне оқ атылды.
Энтони Блинкен, Ақш-тың мемлекеттік хатшысы:
- Екі тараптың генералдарымен телефон арқылы әңгімелесу кезінде дипломаттарымызға қарсы шабуылдау жөнсіз екенін жеткіздім. Қазір бұл оқиға тергеліп жатыр. Қолда бар ақпар бойынша оны жедел әрекет ету күштерімен байланысты тұлғалар ұйымдастырған.
Қазір әлемдік қауымдастық екі тарапты бір үстел басына отырғызып, бітімге келтіруге тырысып жатыр. БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесі жуық арада Судандағы дағдарыс бойынша шұғыл жиын өткізбек.