Австралияда дауылдан 9 балықшы опат болды

Өткен аптада Австралияның солтүстік-батысында соққан Ильза дауылы кезінде 9 индонезиялық балықшы опат болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тағы 11 адам құтқарылды. Бұл туралы Австралияның Теңіз қауіпсіздігі басқармасы хабарлады. Балықшылар мінген 2 қайық дүлей желге Үнді мұхитында тап болған. Оның бірі батып кетіп, екіншісі шағын аралға жетеді.

Гордон Уотт, PHI Aviation компаниясының өкілі:

- Әскерилер аралда адамдар барын арнайы құрал арқылы байқап қалған. Содан кейін оларды құтқару операциясына бірден кіріседі. Бірақ арал кішкентай болғандықтан, тікұшақ қона алмай, біраз қиындық туындайды. Дегенмен балықшылардың бәрі аман-есен құтқарылып, қазір ем-дом алып жатыр.