АҚШ қоғамында дау туғызған сот процесі аяқталды

АҚШ қоғамында дау туғызған сот процесі басталмай жатып аяқталды. 

Әлемдегі ең ірі телеарналардың бірі Фокс Ньюс дауыс беру құрылғыларын шығаратын "Доминион" компаниясына 787 жарым миллион доллар төлейтін болды. 2020-жылы президент сайлауы кезінде телеарна эфирінен бұл компания жайлы жалған ақпарат тараған.

Фокс нюс телеарнасы 2020 жылғы саяси науқан кезінде кейбір штаттарда дауыс беру машиналары сайлау нәтижелеріне әсер етті деп ақпарат таратты. Алайда бұл сөздеріне еш дәлел келтірген жоқ. Салдарынан Доминионға зор шығын келген. Осы әрекеті үшін компания телеарнадан 1 миллиард 600 миллион доллар өтемақы талап етті.

Джон Пулос, Dominion компаниясының бас директоры :

- Фокспен тарихи келісіміге жеттік. Олар Доминион жөнінде жалған ақпарат таратқанын мойындады. Мұның компаниямызға, қызметкерлерімізге және қызмет көрсетіп жүрген тұтынушыларымызға үлкен зардабы тиді. Демократиямыз үшін ақпарат құралдарының тек шындық айтқаны қажет.

Доминион компаниясы Дональд Трамптың өзге де үзеңгілестерін сотқа берді. Ал Фокс Ньюс басшылығының мәлімдеуінше, олар елді шулатпай, Доминионмен келісім жасауды шешкен.

Нейл Кавуто, Fox news телеарнасының жүргізушісі: 

- Фокс Доминионның жала жабу туралы шағымын реттеу үшін 787 миллион доллар төлеуге келісті. Осылайша іс сотта қаралмайтын болды. Фоксқа қарсы өзге де шағымдар болуы мүмкін, бірақ нақты бұл іс аяқталды.

Жалпы телеарнаның ымыраға жетуі көпшілікті таң қалдырды. Өйткені сөз еркіндігін қадірлейтін АҚШ-та ақпарат құралдарына қарсы сот ісін ұту оңай емес. Сарапшылардың пікірінше, Фокс Ньюз басшылығы беделін түсірмеу үшін бұл қадамға барып отыр.

Кэри Коглианезе, Пенсильвания университетінің  профессоры:

- Фокс ауыр шайқас болатынын білді. Сондықтан іс насырға шаппай тұрып, осындай сома төлеп, мәмілеге келді. Жеңілген жағдайда беделіне нұқсан келетін еді.

Дегенмен Фокс Ньюстің мұнымен жанжалы бітпейтін сияқты. Дауыс беру машиналарын шығаратын Смартматик атты тағы бір компания телеарнадан 2 миллиард 700 миллион доллар талап етіп отыр. Адвокаттары Фокс Ньюс кәсіпорын туралы жүзден аса жалған мәлімет таратылды дейді.

Авторы: Бекболат Тұрмаханов