ChatGPT әлемде ең көп талқыланатын тақырыпқа айналды

Chat GPT әлемде ең көп талқыланатын тақырыпқа айналды.

Жасанды интеллектің тез дамуы адамзат баласын тамсандарып қана қоймай, қорқытып та отыр. Тек пайдалы әрі шынайы ақпараттар ғана емес, жалған мәліметтер де тез жасалып, тарап кетуі мүмкін.

«Америкалық OpenAI компаниясының жасанды интеллектке негізделген өнімі бірден әлемді тамсандырып, Google, TikTok сияқты алпауыттарды екі айда басып озған озық технология. Оның пайдасын зағип жандар да көре алады. Алты айында шала туған Джеспер Холтеннің жанарына зақым келген. Есейе келе соқыр боп қалды. Оған жалғыз қалғанда біреудің көмегі керек. Ол телефонына орнатылған көзім бол деп аталатын қосымшаға жүгінеді. Жасанды интеллектке негізделген  виртуалды көмекші суретті оқып, алдыңызда не зат екенін түсіндіріп береді.

Джаспер Холтен, «Bemyeyes» пайдаланушы: 

- Мен сияқты адамдар ешкімге тәуелді болмайтынын көріп тұрмын. Кейбір адамдар біреулерден көмек сұрауға қиналуы мүмкін. Ал егер қолғабыс етуі тиіс машинадан жәрдем сұрасаңыз, ол машина көмектеседі.

«Көзім бол» қосымшасы 2015 жылы іске қосылған. Оны қазір жарты миллионға жуық зағип және көзі нашар көретін адамдар пайдаланады. Қосымша арқылы бейнебайланысқа шағатын 6,4 миллион ерікті мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсетеді. Оның негізін қалаушы Ханс Вибергке ақпанда OpenAI-дан ұсыныс түскен. Суретті мәтінге айналдыратын жасанды интеллектпен жаңартылып, тың мүмкіндіктері ашылып жатыр. Қазір ЖИ сәнгер кеңесші, аудармашы, жаттықтырушы сияқты түрлі көмек бере алады.»

Өткен айда Илон Маск бастаған бірқатар сарапшылар қоғам үшін қауіп төндіруі ықтимал деп GPT-4-ші буынын іске қосуды алты айға шегеруге үндеп ашық хат жазды. Оған 1000-нан астам адам қол қойды. Бірақ OpenAI компаниясының атқарушы директоры, Google мен Microsoft басшылары қол қоймады. Сарапшылар жасанды интеллектің қауіптілі сол «өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай» фейк ақпараттардың тез тарауына сеп болады дейді.

Майкл Вулдридж, Оксфорд университетінің профессоры:

- Бұл технология жалған жаңалықтар жасау үшін өте жақсы. Сайып келгенде, осы технология өте сенімді болып көрінетін мәтін жазуға арналған.

«Жасанды интеллектің игілігі ғана емес зиянды тұстары да жиі айтыла бастады. Кеше ғана Google-дің басшысы оның қауіптілігі туралы ойымен бөлісті. Сундар Пичай жасанды интеллект дұрыс пайдаланбаған жағдайда адамзатқа қатер төндіреді деп отыр. Ол ЖИ тым жылдам әрі бақылаусыз дамып жатқанына алаңдайды. Сондықтан халықаралық нормативтік базасаны құруға шақырды.

БАҚ-та Дональд Трамп туралы жиі жазылады. Бірақ жасанды интеллект жасаған  бұл сурет жалған. Трамп сотқа барар алдында Нью-Йорк полициясымен қақтығыс болғаны ойдан шығарылған. Сондықтан сала мамандары технологиялық компаниялар бір күні адамнан айласын асыратын қуатты жасанды интеллектті  жасап жатқан жоқ па деп қауіптенеді.

Джо Байден әкімшілігі болса ChatGPT сияқты жасанды интеллект құралдарын халыққа пайдалануға бермей тұрып, қауіпсіздігін тексеру үшін қатаң шаралар қабылдағысы келеді.