Бангладеште өндіріс ошақтары өзен-суларды ластап жатыр
Бангладеште өндіріс ошақтары өзен-суларды ластап жатыр.
Дакка маңындағы Бури-ганга өзені мүлдем жарамсыз күйге түсіп, ел астанасындағы экологиялық ахуал, мүлдем нашарлап кеткен.
Мұхаммед Джихад 20 жыл бұрын балық аулап, отбасын асырау үшін Дакканың шетіне көшіп келген. Ол кезде Бангладеш астанасы маңындағы Буриганга өзенінің суы тұнық, балыққа бай еді. Қазір адам танымастай ластанып кеткен.
БЛИЦ:
- Ол кезде бұл өзен тап-таза болатын. Суға еш қорықпай шомылатынбыз. Қазір суы қап-қара. Осы жердегі балықшылардың 80 пайызының көзі ауырады.
- Менің әкем осында туып өскен. 20-30 жыл бұрын Буригангадан түрлі балық аулаушы едік. Қазір қаладағы өндірістердің қалдықтарды тастауынан қатты ластанып, балық атаулы қырылып қалған.
Бангладеш әлемде киім-кешек тігу бойынша Қытайдан кейін екінші орында. Алайда қарқынды дамыған өндіріс саласы қоршаған ортаны әбден ластаған. 1995-ші жылы жергілікті билік кәсіпорынның бәріне тазалағыш құрылғылар орнатуды міндеттейді. Бірақ талапты орындап жатқандар аз.
Мұхаммед Азаз, өзендер мен олардың сағаларын зерттеу орталығының басшысы:
- Қалада қоқыс жинау дұрыс қадағаланбайды. Өндіріс орындарынан бастап тұрмыстық қалдықтардың барлығы өзенге тасталады. Су пластик құтыларға толған.
Буриганганың ластануының тағы бір себебі кәріз сулары. Олар да дұрыс тазаланбайды.
Мұхаммед Азаз, өзендер мен олардың сағаларын зерттеу орталығының басшысы:
- Қаланың кәріз суларын тазалайтын жүйе Буригангаға жақын орналасқан. Егер оны Бакла ауылындағы суды тазалау станциясына қарай бағыттаса өзеннің ластануы біршама азаяр еді.
140 миллион тұрғыны бар Бангладеште 220-ға жуық үлкен және шағын өзен бар. Халықтың басым бөлігінің тіршілігі осы су айдындарына тәуелді.
Авторы: Дәурен Ақашұлы