Мексикада мигранттар шеруге шықты
Мексикада 3 мыңға жуық мигрант наразылық шеруіне шықты.
Олар ереуілді елдің оңтүстігіндегі Гватемаладан бастаған. Түпкі межелері Мехико қаласы. Наразылыққа шыққандар биліктен мигранттарды мәжбүрлеп ұстайтын орталықтарды жоюды талап етіп отыр. Өткен айда осындай бір нысанда өрт шығып, 40 босқын ажал құшқан болатын. Шеруге шыққан мигранттардың арасында Куба, Венесуэла, Эквадор, Гондурас және Колумбия азаматтары бар.
Иринео Муджика, белсенді топтың жетекшісі:
- Мигрант бауырлапымыздың өлім құшуы үлкен қасірет. Мексиканың Сыртқы істер министрі жұмған аузын ашпай отыр. Өйткені шенеуніктердің мигранттар мәселесіне бас ауыртқысы келмейді. Мен босқындарды ұстайтын орталықтарды түрме деп атар едім.