Әлемде құранды материалдардан үй салу үрдіске айналды
Австралияда құралмалы үй салу трендке айналды.
Ал Индонезияда пластик пакеттен баспана тұрғызылды.
Австралияның Тасмания аралында тез құрастырылатын үйлер көптеп салына бастады. Оларды бұзу да оңай дейді мамандар. Сырттай қарағанда вагонға ұқсайтын заманауи баспана материалдары үлкен зауыттарда емес, шағын шеберханаларда жасалады. Сәйкесінше бағасы да арзанға түседі.
Джейсон Задоу, құрылыс компаниясының өкілі:
- Қазір үй сатып алмақ түгілі, оны жалдаудың өзі өте қымбат. Ипотекалық несиенің де пайызы өсіп жатыр. Сондықтан адамдар баспаналы болудың баламалы жолдарын іздеп әлек. Біздің үйлер "іздегенге - сұраған" болып тұр.
Тасмания аралында осындай қолжетімді баспана саны 4500-ден асады. Үкімет соңғы 9 жылдың ішінде тағы 10 мың үй салуға ниетті.
Мэтью Поллок, құрылыс компаниясының өкілі:
- Әлеуметтік жағынан тиімді бұл баспанаға сұраныс болашақта да арта бермек. Өйткені елде тұрғын үй мәселесі өткір тұр. Оны оңтайлы шешуге әсіресе үкімет мүдделі.
Пластик пакеттен тұрғызылаған баспана
277 миллион тұрғыны бар Индонезияның өнертапқыштары да қарап жатқан жоқ. Гәри есімді экологиялық белсенді пластик пакеттен үй салып алды. Оның баспанасының аумағы 12 шаршы метрді құрайды. Көлемі шағын болса да бұл үйдің көтерген жүгі ауыр.
Гарри Бенсериб, экобелсенді:
- Бұл үйді тұрғызуға 35 мыңнан астам пластик пакет жұмсалды. Ішінде ас үй, жуынатын бөлме және үлкен төсек бар. Бір жағынан ойымдағыдай баспана салдым, екінші жағынан өзенді пластик қоқыстан тазарттым. Сондай-ақ бұл үй электр қуатын тек күннен ғана алады.
Саймон Пестридж, экологиялық компанияның басшысы:
- Бұл шығармашылыққа негізделген жоба. Ғылым, дизайн және басқа салалардың озық үлгісін пайдалана отырып, барлық қоқысты қайта өңдеп, іске жаратуға тырысамыз.
Индонезияның Қоршаған орта және орман шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша Бали аралында алдыңғы жылы 915 мың тонна қоқыс тасталған. Сондықтан Бенсерибтің зиянды қалдықтан тұрғызған үйлері бұл аймақ үшін аса өзекті. Үкімет соңғы жылдары супермаркеттерде пластик пакеттерді пайдалануға тыйым салды.
Ернат Қашқынов