Ұлыбританиядағы инфляция Батыс Еуропадағы ең жоғарғы деңгейге жетті

Ұлыбританиядағы инфляция Батыс Еуропадағы ең жоғарғы деңгейге жетті. Елде азық-түлік бағасы аспандап тұр.

Қымбатшылықты ауыздықтау үшін Англия банкі кезекті рет проценттік мөлшерлемені көтереді- деген болжам бар.

Қымбатшылыққа Ұлыбританияның табиғи газға тәуелділігі себеп. Елде жарық пен көгілдір отынның бағасы ұшып тұр. Халық азғантай табысын азық-түлікке жұмсаймын ба, әлде комуналдық қызметке төлеймін

бе деп бас қатырып жүр. Ашуға мінгендері көшеге шығып, соңғы 10 жылда өспеген жалақыларын 35 процентке көтеруді талап етуде.

Мария Смит, мұғалім:

- Меніңше, тапқан табысымыз біздің еңбегімізге татымайды. Біз ақысы төленбейтін көп жұмыс істейміз. Мысалы, сенбі күндері мектепке барамыз. Айлығымыз шайлығымызға жетпейді. Қазір бәрі қымбат.

Өткен жылдың қазан айында елдегі инфляция деңгейі 41 жылда болмаған максимумға жетіп, 11,1 процентті құрады. Бұл жалақысы баяу өсіп жатқан халықтың сатып алу қабілетін төмендетіп тастады. Ұлыбритания үкіметі қанша тырысқанымен жағдай оңалмай тұр.

Кир Стармер, Лейбористер партиясының көшбасшысы:

- Білесіз бе, нәтиже көрсететін мықты үкімет - көшбасшылықты талап етеді, ал ол бізде жоқ. Соңғы 13 жыл бойы

билікте отырған Консервативтік партия түрлі премьер-министрлерді тағайындады, бірақ олар халықтың жағдайын жақсарта алмай сәтсіздікке ұшырады. Өмір сүру деңгейі төмендеген тұста көшбасшылық танытып

жатқан ешкім жоқ.

Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак жылдың соңына дейін инфляция деңгейін екі есеге дейін азайтып, 5 процентке жеткізуге уәде беріп отыр. Тәуелсіз орган — Ұлыбритания бюджеттік жауапкершілік

басқармасының болжамы да осы сөздерді растайды.

Джереми Хант, Ұлыбритания Қаржы министрі:

- Халық үшін өте қиын кезең екенін мойындаймыз. Сондықтан бюджет шеңберінде біз әрбір отбасының электр энергиясына жылына 2 500 стерлинг фунтынан артық жұмсамауына кепілдік беріп отырмыз. Жанармайға салынатын баж салығын да өсірмей, бір бағаны ұстап келеміз.  Барлығын қоса есептегенде отбасыларға жылына шамамен 3 000 стерлинг фунты көлемінде қаржылай қолдау көрсетудеміз.

Инфляцияны ауыздықтау үшін Англия банкі проценттік мөлшерлемені наурыз айында ғана 4,25 процентке көтергені белгілі. Сарапшылар алдағы уақытта оның тағы өсуі мүмкін екендігін айтады. Нәтижесінде фунт нығайып, ал ипотекасы барларға қиындық туындайды. Несиелерін жабу үшін олар банктерге бұрынғыдан да көп ақша төлеуге мәжбүр болады.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы