Түркия президенті қазақстандық құтқарушыларды марапаттады

Түркия президенті Режеп Таиип Ердоған жойқын жер сілкінісі кезінде көмек қолын созған құтқарушыларды марапаттады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың ішінде еліміздің Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев та бар.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Мен қазір Түркия Республикасы президентінің резиденциясы, Бештепе Ұлттық Конгресс және мәдениет орталығында тұрмын. Санаулы минуттан кейін осында жойқын жер сілкінісінде қаншама адамның өміріне араша түскен жергілікті және халықаралық құтқарушылар марапатталады. Олардың арасында еліміздің Төтенше жағдайлар жөніндегі бірінші вице-министрі Ибрагим Құлшымбаев та бар. Өздеріңізге мәлім, біздің құтқарушылар Газиантеп, Нұрдағы мен Хатай шаһарында құтқару жұмыстарын жүргізді және атқарған еңбектері жергілікті халық тарапынан жоғары бағаланды.

Генерал-майор Ибрагим Құлшымбаев Түркия Республикасының мемлекеттік «Жанқиярлығы үшін» медаліне лайық деп танылды. Ал Қазақстан елшісі Еркебұлан Сәпиев Түркия Сыртқы істер министрінің арнайы алғыс хатын алды.   

Меруерт Қанағат, тілші:

- Дәл қазір Төтенше жағдайлар жөніндегі бірінші вице-министрі Ибрагим Құлшымбаев пен Қазақстанның Түркиядағы өкілетті және төтенше жағдайлар елшісі Еркебұлан Сәпиев Түркия Республикасы президенті Режеп Тайып Ердоғанның қолынан мемлекеттік награданы алып жатыр. Тарихи әрі сезімге толы сәт.

Ибрагим Күлшімбаев, ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі:

- Бұл награда бірінші рет Түркияда беріліп отыр. Парламентпен бекітіліп, осындай награданы топбасшылары алып отыр. Қазақстаннан президенттің тапсырмасымен шығып, 7-сі күні келіп, содан 2 жұмадай осында жұмыс атқарып, халыққа көмек көрсетіп, зардап шеккендерге 7 адамды құтқарып, 88 адамның мәйітін алып шығып, тағы да басқа медициналық көмекті көрсетіп, Қазақстаннан келіп жатқан гуманитарлық көмекті халыққа таратуға белсенді қатысып қайттық.

«Бір жанды сақтап қалсаң, күллі адамзатты құтқарасың» деген тәмсілді біздің құтқарушылар жақсы біледі. Түрік президенті бауырлас елдерден келген қолдауға ризашылығын білдіріп, бұл жақсылық еш уақыт ұмытылмайды деді.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:

- Бізге қолдау көрсеткен барлық елдерді жүрегімізге сақтадық. Қиын-қыстау кезеңдегі достарымызды білеміз. Әрбір жанқиярлыққа, әрбір көмекке, әрбір еңбекке, зілзала салдарынан зардап шеккен әрбір азаматымызға қол ұшын бергендерге алғысымызды білдіреміз. «Жанқиярлық» наградасын беруді губернаторларымыз, шетелдегі дипломатиялық миссия өкілдіктерінде елшілеріміз жалғастырады. Жергілікті және шетелдің 55 мыңнан астам кісіге мемлекеттік марапатты табыстаймыз.

Апаттық аймақтағы 12 өңір мен оған қарасты 176 ауданда бір мезетте 26 мыңнан астам үйіндіде құтқару жұмыстары жүргізілді. 106 мыңнан астам тұрғын үйіндіден аман шықты. 10 мыңнан астам жергілікті және шетелдік құтқарушылар күн-түн демей еңбек етті. 

Өмер Юртсевен, құтқарушы:

- Апаттық аймаққа Ыстамбұлдан бардық. Қиын-қыстау кезеңде жанымыздан табылған шетелдік әріптестеріміз бізді әбден толғандырды. Әсіресе туыстас жұрттан келгендер. Мұндай апаттың ешқандай елдің басына келуін қаламаймын.

Немие Рухсал, құтқарушы:

- 3 апаттық өңірдің үйлестіру орталығында жұмыс істедім. 7 күн көз ілген жоқпын. Себебі «әрбір сәт бір жан» деген түсінік болды. Осындай уақытта барлық адамдардың құтқару техникасын білсе ғой деген жанайқайы болды. Әрбір құтқарушы таптырмас байлық еді.

Жыл басталмай Түркия көптеген табиғи апаттарды бастан өткерді. Ақ теңізде орман өрті, Қара теңізде сел мен лай көшкіні және т.с.с. Алайда ақпан айындағы қос жер сілкінісі тарихта болмаған жойқын апат болды. Салдарынан 55 мыңнан аса кісі көз жұмды. Қаншама отбасының жарығы сөнді. Дегенмен түрік халқы ұлт болып, мұны да еңсеруге сенімді.