Лондонда Абай мен Бёрнс қауымдастығы ашылды
Лондонда Хәкім Абай мен Шотландияның атақты ақыны Роберт Бернс атындағы қауымдастықтың тұсауы кесілді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жиында қос елдің ұлы тұлғаларының өлеңдері оқылып, әндері шырқалды.
Бұл шотландтардың ұлттық музыкалық аспабы – волынка. Әдетте оны Шотландиямен байланыстырады. Бірақ анығында оған ұқсас аспап қазақ халқында да бар – желбуаз деп аталады. Сондықтан да болар, халық әні «Қамажайды» орындау волынкашы Мэттью Макрэйге қиынға соқпады.
Роберт Бернс – шотланд ақыны, фольклоршы, көптеген поэмалар мен өлеңдердің авторы. Оның поэзиясына ирония, сарказм және лиризм тән. Өлеңдерін Қуандық Шаңғытбаев және Өтежан Нұрғалиев сынды бірнеше қазақ ақыны тәржімалаған. Бернс Абай Құнанбайұлынан жарты ғасыр бұрын дүниеге келген, бірақ шығармашылықтарына тән ортақ тақырыптар көп.
Уильям Пэйти, Абай-Бернс қауымдастығының мүшесі:
- Абай мен Бернстің поэзиясы өте ұқсас. Осы шараға келер алдында мен Абайдың шығармаларымен таныстым. Екеуі де – өте сезімтал ақындар. Махаббат, сұлулық, табиғат туралы жазған өлеңдеріне тәнтімін.
Қауымдастықтың тұсаукесері поэзия кешіне ұласып, ұлы тұлғалардың шығармалары қазақ және ағылшын тілдерінде оқылды. Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері сүйікті әншісінің репертуарындағы «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» өлеңдерінің мазмұнын шебер жеткізе білді.
Себастьян Данн, Абай-Бернс қауымдастығының мүшесі:
- Абайдың өлеңдері өте әуезді келеді. Сан алуан эмоцияларға бөлейді. Оқыған кезде ән тыңдап отырғандай әсерде боласың. Осыдан кейін қазақ поэзиясын оқи бергің келеді, елге саяхаттауға ынталандырады.
Абай-Бернс қауымдастығының басты мақсаты – екі ел арасындағы мәдени және рухани байланыстарды нығайтып, жан-жақты дамуына атсалысу, ұлы ақындардың шығармашылығын ұлықтау. Ұйымға әзірге 50-ден астам дипломатия, білім және бизнес өкілдері мүше. Болашақта олардың санын арттыру жоспарланып отыр.
Афзал Амин, Абай-Бернс қауымдастығының негізін қалаушы:
- Мен Қазақстанмен соңғы 7 жылдан бері іскерлік байланыс орнатып келемін. Мәдениеті ғажап, өйткені халқы ғажап! Сол көрген-білгенім туралы Ұлыбритания халқына жеткізгім келеді. Тұманды Альбион да мәдениетке бай. Әсіресе Шотландияның баға жетпес құнды дүниелері ерекше. Мәдени алмасуды нығайту – басты міндетіміз.
Қауымдастыққа Қазақстанмен бизнес жасайтын ортаның өкілдері демеушілік етеді. Ұйымдастырушылар жылына кемінде 2 рет Астана мен Лондонда басқосу өткізуді жоспарлауда. Сонымен қатар шараларды шағын қаларда да атап өту межеленіп отыр.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.