Суданда қарулы қақтығыстан аштық қаупі күшейді

Екі аптаға созылған әскери қимылдардан тұрғындардың азық-түлік қоры таусылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қақтығыстан дүкендер жабық. Соғысушы тараптар атысты тоқтату туралы келісімді тағы 3 күнге созғанмен, жағдай оңалмай тұр. Кей тұрғындар шет елдерді қарапайым халыққа гуманитарлық қолдау көрсетуге шақырып жатыр. 

Тұрғын:

- Жағдайымыз ауыр. Қазір қала тұрғындарының азығы таусылған. Менің ойымша, шет мемлекеттер өз азаматтарын эвакуациялау кезінде гуманитарлық көмек көрсету жағын да ойластыруы керек еді. Мысалы, елге келген ұшақпен, кемелермен азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізуге болады.

 Айта кетейік, 46 млн тұрғыны бар Суданда қазіргі қақтығысқа дейін 16 млн-нан астам адам гуманитарлық көмекке зәру болған. Халықаралық ұйымдар жағдай одан әрі ушығатынын ескертіп жатыр.