Ресейде блогерлерді ұстау басталды

Ресейде блогерлерді ұстау басталды

Ресейде «салықтан жалтарды» деген айыппен блогерлерді ұстау басталды.

Алғашқылардың бірі болып Валерия Чекалина мен Александра Митрошина- атты әлеуметтік желі жұлдыздары тергеу комитетінің назарына ілікті. Үстерінен қылмыстық іс қозғалды.

Дана Нұржан, тілші:

- Ресейлік танымал коуч Елена Блиновская аса ірі мөлшерде салық төлеуден жалтарды деген күдікпен ұсталды. Тергеу комитетінің келтірген мәліметі бойынша,  блогер төрт жыл ішінде  жалпы сомасы 918 миллион рубльден асатын салық төлемеген. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Егер кінәсі анықталса, көпшілікке марафон ханшайымы лақап атымен танымал азаматша жазалануы мүмкін.

@Elena_Blinovskaya Youtube каналынан алынған бейнежазба

Блогерге қарсы қылмыстық іс 26 сәуірде қозғалды. “Армандар марафонын" өткізетін коуч Алматыға ұшуды жоспарлаған.  Қауіпсіздік қызметкерлері әлеуметтік желі жұлдызын  әуежайда ұстамақ болған.

Алайда Блиновская полицияның жоспарын біліп, бағытын өзгертеді. Десе де алысқа ұзай алмады. Беларусь шекарасында қолға түсті.

Артем Кирьянов, Ресей салық төлеушілер одағының басшысы:

- 918 миллион рубль төленбеген салық деген не? Ол адам жылына кемінде 1 миллиард табыс тапқан деген сөз. Мұндай табыс ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда, үлкен зауыттарда болмаушы ма еді? Сонда бұл блогер халыққа не сатты? Бұл нағыз алаяқтық. Салық органдары осындай алаяқтарды аңдитын арнайы бөлімше құрды. Ол табысы 50 миллион рубльден асатын адамдарды тексерумен айналысады.

Бұған дейін Ресейде Валерия Чекалина мен Александра Митрошина атты танымал блогерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалған еді. Оларға да салықтан жалтарды- деген айып тағылды.

@Elena_Blinovskaya Youtube каналынан алынған бейнежазба

Ресей билігі енді миллиондаған оқырманы бар блогерлердің қандай жолмен табыс тауып жүргенін  май шаммен қарамақ.

Давид Багдасаров, журналист:

- Блиновская ауадан ақша жасады. Арманды ғарышқа жіберіп, бақытты болу туралы тренингті жарнамалады. Қөзі ашық, сауатты адам оған сене қоймас, ал бірақ бұл тренингтер қарапайым халық арасында жоғары сұранысқа ие болды.

Сарапшылардың айтуынша, Блиновская салықты толықтай төлеген жағдайда қылмыстық іс тоқтатылады. Бірақ тәртіп сақшылары алаяқтық жолдарды қолданғанын растаса, жағдай өзгеруі мүмкін. Онда «марафон патшайымы» деп танылған блогер бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Дана Нұржан, Шахзод Гамиров