Мигранттар ағыны жұмыс күші ретінде қарастырылып отыр
АҚШ Гватемала мен Колумбияда мигранттарға арналған жаңа орталықтар ашады.
Ол жерге арнайы оқу-жаттығудан өткен америкалық әскерилер жіберілмек. Ресми Вашингтон «бұл шара босқындар нөпіріне төтеп беру үшін қажет» дейді. Осылайша АҚШ билігі 11 мамырда 2020 жылы коронавирусқа байланысты енгізілген төтенше жағдай режимін алып тастауға дайындалып жатыр.
АҚШ
Энтони Блинкен, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:
- Жаңа орталықтар біздің серіктестеріміз халықаралық ұйымдардың басқаруында болады. Бұл АҚШ-қа келетін босқындарды елге орналастыру және жұмысқа тұрғызу ісін жеделдетуге көмектеспек. Сондай-ақ аталған орталықтар арқылы басқа елдердегі босқындарға гуманитарлық жәрдем беріледі.
Бұл орталықтарда айына 6 мыңға дейін өтініш қаралады деген жоспар бар. Америкалық «Си-Би-Эс» телеарнасының мәліметі бойынша, мұндай орындар Латын Америкасының басқа да елдерінде ашылады. Бұдан басқа, босқындардың отбасы мүшелерін қосу бағдарламасы кеңейтілмек. Жоба Куба мен Гаити азаматтары үшін ғана қолжетімді болса, енді оның игілігін Колумбия, Сальвадор, Гватемала мен Гондурас тұрғындары көреді.
АҚШ
Алехандро Майоркас, АҚШ ішкі қауіпсіздік министрі:
- Түсініктеме бере кетейін: біздің елдің шекарасы әлі жабық. 11 мамырдан кейін де ашылмайды. Бүгін біз заңды жолдарды жасау жоспарын кеңейту және ережелер бұзылған жағдайда жаза қолдану мәселелерін жарияладық. Ал АҚШ-та бұрыннан заңсыз жүрген барлық мигранттар ел аумағынан күштеп шығарылады.
Мигранттар мәселесі Перу үшін өте өзекті. Бұл елде қазір Венесуэладан келген 1 жарым миллиондай босқын бар. Олардың 400 мыңының тиісті құжаты жоқ. Перу билігі мигранттар дағдарысына байланысты елде төтенше жағдай жариялады.
Дина Болуарте, Перу президенті:
- Чилимен шекаралас 7 аймақта төтенше жағдай жариялау туралы жарлыққа қол қойдым. Бұл босқындардың заңсыз әрекетіне қарсы тұруға полицейлерге арнайы құқық береді. Осылайша құжатсыз жүрген келімсектерді айқындап, жағдайды бақылауға алмақпыз. Әйтпесе адам саудасы, күштеп жұмыс істетіп, қанау сияқты әлеуметтік мәселелердің алдын аламыз.
Италияға мигранттар ағылып жатыр
Италияға бет алған мигранттар легі де толастамай тұр. Жақында ғана Лампедуза аралына 100 адам жетті. Ресми дерекке сүйенсек, қазір бұл аймақта мыңнан астам босқын бар. Олардың бәрін арнайы орталыққа орналастыру қиын. Оның ішінде, мигранттардың арасында бала көп. Италияның Ішкі істер министрлігі жыл басынан ел аумағына 40 мыңға жуық босқын келгенін айтады. Бұл былтырғы көрсеткіштен 4 есе көп.
Джиованна Ди Бенедетто, "Балаларды құтқару" ұйымының ресми өкілі:
- Мигранттардың арасында балалардың саны өте көп. Қазірдің өзінде жанында ешкімі жоқ 500 баланы анықтадық. Олардың біразы осындағы орталыққа жүргеніне 1 айдан асып кеткен. Жағдай өте қиын.
Австралия кәсіби біліктілігі бар мигранттар үшін төменгі жалақы көлемін өсіргелі жатыр. Бұл туралы елдің Ішкі істер министрі Клэр О'Нил мәлімдеді. Оның айтуынша, бұған дейін қалыптасқан жүйе біліктілігі төмен жұмысшылар үшін ғана тиімді. Келімсектерге арналған төменгі жалақы соңғы 10 жылда мүлде өзгермеген. Бұрынғы үкімет бұл соманы жылына 35 мың доллар көлемінде бекіткен еді. Енді ең төменгі жылдық жалақы 46 мың долларға көтерілмек.
Клэр О'нейл, Австралияның ішкі істер министрі:
- Еліміздің көші-кқон жүйесі 10 жылдан бері жүйеленбей келеді. Бұдан еліміздің тұрғындары мен бизнес саласы да, босқындардың өзі де зардап шегіп жүр. Сондықтан осы олқылықтың орнын толтыратын кез жетті. Мигранттар мәселесін экономикамыз үшін тиімді ете білуіміз қажет.
Сингапурде мигранттар үшін үй салығы көтерілді
Ал Сингапур керісінше мигранттар үшін заңды қатаңдатып жатыр. Арал-мемлекеттің билігі басқа елдің азаматтары үшін үй сатып алу салығын 2 есе көтерді. Баспана жалдау ақысы онсыз да соңғы 3 жылда үнемі өсіп жатыр.
Біріккен Ұлттар Ұйымы әлемдегі мигранттар дағдарысы күн өткен сайын ушығатынын айтады. Бұған басты себеп - 13 күннен бері әскерилер қақтығысы болып жатқан Судандағы жағдай. Тұрақсыз елден үдере көшкендер босқындар санын еселеп арттырып жатыр.