Грузияда омарта шаруашылықтары жаңа ережемен жұмыс істейді
Мақсат - ата кәсіппен айналысатын шаруа иелері мен ара колонияларын санап, бірыңғай дерекқор құру.
Дегенмен, жаңа ережеде қиындықтар да жоқ емес. Мәселен, елдің батыс аймағында өндірілетін бал стандартқа сәйкес келмеді. Себебі, Грузияда аралас орман көп, ал Еуропада балдың таза сорты бағаланады.
20 жылдан астам омарта шаруашылығымен айналысып келе жатқан, Владимир Вардосанидзе, әр арасын алтынға теңейді. Себебі, алғаш бұл кәсіпті бастағанда аздаған асылын сатып, кәдеге жаратқан екен. Қазір оның 150-ден астам ара отбасы бар, ол тек бал ғана емес, басқа да өнімдерді, соның ішінде ара сүтін де шығарумен айналысады.
Владимир Вардосанидзе, омарташы:
- Бұл шаруашылық - физикалық қана емес, интеллектуалды белсенділік. Себебі, омарта ісі - шығармашылық, өмір сүру тәртібі мен философиясы. Мәселен, мен аралардың қажеттілігіне қарай өмір сүремін. Көбіне жазда жұмыс істеймін, түнде 5 сағат қана ұйықтаймын. Бір сөзбен айтқанда, қиын да қызық кәсіптің түрі.
Омарташылар енді жаңа тәртіпке бағынады. Жыл басынан бері ережелер күшіне енді. Оның басты мақсаты - омарташылар мен ара санын тіркеу. Қазір республика бойынша шамамен 15 мыңға жуық омарташы бар. Тіркеусіз бал араларын көшіруге, оларды сатуға және бал мен балауызды саудалауға тыйым салынды.
Георгия Гахария, омарташылар қауымдастығының негізін қалаушы:
- Омарташылардың санаты бар. Мәселен, бал өндіретін ірі омарташылар өнімдерін экспорттаумен айналысады. Олар бұл заңды қос қолдап құптайды. Алайда, қарапайым шаруа иелеріне бұл процесс қиынырақ, түсініксіз.
Грузин балы Еуропа мен Азияда кеңінен танымал. Тарихы бай, көне кәсіпті сақтап қалу үшін Омарташылар қауымдастығы арнайы тренингтерді бастап та кетті. Онда құқықтық бағытта түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жас омарташыларға кәсіптің философиясы насихатталады.
Тенгиз Каландадзе, Грузия Ауыл шаруашылығы министрлігінің бөлім басшысы:
- 10 жыл бұрын, біз балды белсенді түрде өндіре бастағанда, оның сапасын бақылайтын нақты ережелер болған жоқ. Қазір біздің зертханаларда бақылау жүргізілуде және өз өнімдеріміздің сапасына сенімдіміз. Бұған дейін бұл шетелде жасалды. Ал біздің мақсатымыз омарташыларға басқа елдердің нарығына шығу үшін көмектесу.
Өткен жылғы Грузия бал экспортының құны - миллион доллардан асты. Ел билігі бұл көрсеткішті арттыруға ниетті.
Авторлары: Сымбат Ғалымжанқызы, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили