АҚШ-та инфляция әлі де ырық бермей тұр
АҚШ-та инфляция әлі де ырық бермей, баға түспей тұр.
Сондықтан Федералды резерв жүйесі пайыздық мөлшерлемені тағы көтеруді жоспарлап отыр. Негізгі меже инфляцияны пандемияға дейінгі 2 процентке түсіру. Демек, бір жылға жетпей доллардың пайыздық мөлшерін осымен оныншы рет көтермек ниетте. Ал қымбатшылық қысқан ел тұрғындары шығындарын қысқартып, үнемдеуге көшкен.
Америкалықтар үздіксіз өскен бағадан еріксіз үнемге көшкен. Автомобиль, жиһаз және тұрмыстық техникаға шығындарды күрт қысқартқаны байқалады. Керісінше коммуналдық қызметтерге, азық-түлік пен мейрамханаларға ақша жұмсау тұрақты деңгейде қалған. Супермаркеттер сөресінде бағаны мұқият салыстырып жүрген тұрғындар көп. Бұрын 100 доллардың азық-түлігі бір аптаға жетсе, қазір 3-4 күнде таусылады.
Светлана, Нью-Йорк қаласының тұрғыны:
- Егер байқасаңыз мен бағаны біраз қарап тұрдым. Егер қымбат болса, арзандауын іздейсің. Бұрын дүкенге кіріп себетті толтырып азық-түлік алатын едік, қазір бағаға қарайтын болдық. 1-2 доллар арзандау жерді бәрі іздейді деп ойлаймын.
Сюзан, Вашингтон қаласының тұрғыны:
- Мен бағаны салыстырып жүрген жоқпын. Бірақ байқағаным біраз қымбаттаған. Керек болған соң аласың.
Соңғы 40 жылда болмаған жоғары инфлияцияны түсіру АҚШ билігіне оңайға соқпай тұр. Өткен жылдың наурызынан бері ФРЖ негізгі пайыздық мөлшерлемені оншы рет көтеруі мүмкін. Өйткені АҚШ Сауда министрлігінің жарияланған есебі көңіл көншітпейді. ФРЖ мұқият қадағалап отыратын базалық инфляция индексі өткен айда 0,3% ал соңғы 1 жылда 4,6% өсті.
Ал Еңбек департаментінің есебі бойынша жалақы мен жәрдемақы осы жылдың бірінші тоқсанында 1,2%-ке көтерілді. Бұл жұмысшылар үшін жақсы болғанымен бағаны ауыздықтауға кедергі болып тұр, дейді сарапшылар. Ал негізгі меже инфляцияны 2,0 процентке дейін түсіру керек.
Джордж Калхун, Стивенс технологиялық институтына қарасты бизнес мектептің профессоры:
- Америкалықтардың басым бөлігі біздің экономика өте нашар жағдайда деп ойлайды. Шын мәнінде олай емес, АҚШ экономикасы тұрақты. Соңғы 10 жылдағы ең жақсы еңбек нарығы қалыптасып отыр. Жұмыссыздақ аз, халықта ақша бар. Сәйкесінше тұтыну көрсеткіші де жаман емес.
Бағаның сәл болса тұрақталғанын сарапшылар жақсылықтың нышаны деп отыр. Биыл екі айда 0,1%-ға ғана өскен баға өткен жылдың шілдесінен бергі ең төменгі көрсеткіш. Жылдық негізде инфляция 4,2%-ға дейін баяулады, бұл екі жылдағы ең төменгі жылдық инфляция екен.